) Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі өкілдерінің қатысуымен жаңа Конституция жобасына арналған талқылау өтті. Кездесу барысында Әділет министрлігінің Заңнама және құқықтық ақпарат институтының сарапшылары баяндама жасап, ұсынылып отырған Ата заң жобасының негізгі қағидаттары мен тұжырымдамалық бағыттарын таныстырды.
Спикерлер конституциялық өзгерістер мемлекеттік құрылымның негіздерінен бастап жария билікті ұйымдастыруға, сот төрелігі мен мемлекеттік басқару жүйесіне дейінгі мәселелерді қамтитынын атап өтті. Сондай-ақ құжаттың ашық форматта әзірленіп, бірнеше ай бойы қоғамдық талқылаудан өткені және онда «Әділетті Қазақстан» қағидатына негізделген құндылықтар жүйеленіп көрсетілгені айтылды.
Талқылау барысында білім, ғылым және инновацияны дамыту конституциялық деңгейде ел дамуының стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде айқындалатыны атап өтілді. Бұл қағидат адами капиталды нығайтуға бағытталған жүйелі тетіктерді бекітуге негіз болады.
Іс-шара қорытындысында қатысушылар ұсынылған өзгерістердің білім беру саласының сапалы дамуына ықпал ету мүмкіндігін атап өтіп, бастамаларды кәсіби ортада одан әрі талқылаудың маңыздылығына назар аударды.
Талқылауға «Өрлеу» орталығының қызметкерлері, сондай-ақ бейнеконференция арқылы қосылған өңірлік филиалдардың өкілдері қатысып, жалпы қатысушылар саны 300-ден асты.

