+7 (7172) 57 46 00

M

06.02.2026

«Өрлеу»-дің 64 пәндік тренері педагогтерге арналған семинарлар өткізуде

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы British Council Kazakhstan ұйымымен бірлесіп, AELLCA (Accelerating English Language Learning in Central Asia) халықаралық білім беру бағдарламасын іске асыруды жалғастыруда. Каскадтық оқытудың ұлттық үлгісі аясында орталықтың 64 пәндік тренері курстың алғашқы кезеңін аяқтап, бағдарламаның қорытынды кезеңіне кірісті. Олар «Өрлеу» мастер-тренерлерінің жетекшілігімен жалпы білім беретін мектептер базасында еліміздің барлық өңірлеріндегі мұғалімдерге арналған екі күндік семинарлар өткізеді.

Семинарлар педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуы жағдайында негізгі құзыреттерін жетілдіруге, халықаралық стандарттарды білім беру тәжірибесіне енгізуге, әдістемелік құралдарды жетілдіруге, сондай-ақ сыныпты тиімді басқару мен аудиторияға нұсқаулық берудің тиімді тәсілдерін меңгеруге бағытталған. Пән мұғалімдеріне арналған тренерлерді кешенді даярлау бағдарламасы British Council Kazakhstan ұйымы мен Norwich Institute for Language Education (NILE) институтының бірлесуімен әзірленіп, Қазақстанда 2025 жылдан бері жүзеге асырылып келеді.

Семинарлар барысында «Өрлеу» мастер-тренерлері пәндік тренерлердің жұмысын бақылап, оларға әдістемелік қолдау көрсетеді. Оқу бағдарламасын толық аяқтағаннан кейін пәндік тренерлер 2026 жылдың наурыз айында халықаралық үлгідегі сертификаттарға ие болады деп жоспарлануда.

Айта кетейік, бұл жоба сарапшы-тренерлерді, мастер-тренерлерді және пәндік тренерлерді даярлау арқылы «Өрлеу» ұлттық орталығында мамандарды даярлаудың тұрақты әрі ауқымды жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Мұндай жүйе еліміздің барлық өңірінде сапалы біліктілікті арттыру бағдарламаларын іске асыруға мүмкіндік береді.