+7 (7172) 55 95 55

M

14.05.2026

«Педагогикалық идеялар панорамасы – 2026» байқауына өтінімдер 30 маусымға дейін қабылданады

Құрметті педагогтер, ардақты ұстаздар!

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы дәстүрлі түрде ұйымдастырып келе жатқан «Педагогикалық идеялар панорамасы – 2026» республикалық байқауының өңірлік кезеңі жалғасуда. Биыл байқау ҚР Оқу-ағарту министрінің қолдауымен алғаш рет халықаралық деңгейде өткізілуде.

Конкурс аясында оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық, жаратылыстану-ғылыми сауаттылық, цифрлық сауаттылық, экологиялық сауаттылық, мәдениетаралық сауаттылық және қаржылық сауаттылық бағыттары бойынша жұмыстар қабылданады. Сонымен қатар биыл алғаш рет халықаралық білім беру ұйымдарында қызмет ететін шетелдік педагогтерге арналған 8-бағыт – «Жаһандық құзыреттер» енгізілді.

Жалпы байқауға еліміздің барлық өңіріндегі мектепке дейінгі, орта, қосымша, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері қатыса алады. Жеңімпаздарға ТМД елдері арасында өтетін Педагогикалық шеберлік халықаралық фестиваліне қатысу мүмкіндігі беріледі. Сонымен қатар байқау қорытындылары №514 бұйрыққа сәйкес педагогтерді аттестаттау барысында ескеріледі.

Байқау өңірлік және республикалық кезеңдерден тұрады. Өңірлік кезеңде қатысушылар педагогикалық идеяның мазмұны мен өзектілігін жазбаша негіздеп ұсынуы тиіс. Әр педагог бір бағыт бойынша бір ғана жұмыс жолдай алады. Жобалар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қабылданады.

Ұсынылған барлық материалдар плагиаттан міндетті түрде тексеріледі. Жұмыс бұрын жарияланбаған, өзге байқауларға ұсынылмаған және авторлық құқық талаптарын сақтай отырып әзірленген дербес әдістемелік идеяға негізделуі қажет.

Материалдарды қабылдау мен бағалау ppi.orleu.edu.kz цифрлық платформасы арқылы жүргізіледі. Бұл байқаудың барлық кезеңінің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етеді. Бейнематериал тек республикалық кезеңге өткен жұмыстар үшін талап етіледі.

Конкурстың өңірлік кезеңіне қатысуға өтінімдер ppi.orleu.edu.kz сайтында 30 маусымға дейін қабылданады.