+7 (7172) 55 95 55

M

14.07.2026

Аппарат отырысы: өзекті мәселелер қаралды

«Өрлеу» БАҰО-да Басқарма төрағасы Ғалымжан Алматовтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте қаралған бірінші мәселе жобалық серіктестіктерді дамытуға арналды.

Бұл ретте Басқарма төрағасының стратегиялық даму мәселелері жөніндегі орынбасары Аида Мейркулова технологиялар мен қаржылық сауаттылық бағытындағы бастамалар педагогтердің әкімшілік және әдістемелік жүктемесін азайтып, кәсіби дамуына көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік беретінін баяндады.

Бүгінде Freedom Holding Corp. және OpenAI ұйымдарының Education for Countries бастамасы аясында Қазақстан алғашқы кезеңге енген елдердің бірі ретінде педагогтерге 165 мың тегін ChatGPT Edu лицензиясын ұсыну мүмкіндігіне ие болды.

Сондай-ақ ҚР Ұлттық Банкімен бірлесіп педагогтердің қаржылық сауаттылығын арттыру бағдарламасының нәтижелері таныстырылды.

ЮНЕСКО-мен бірлесіп білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалауға арналған жаппай ашық онлайн-курс (MOOC) әзірленіп жатқаны, ал ICHEI ұйымымен білім беру бағдарламаларын ЖИ құзыреттеріне бейімдеу жұмыстары жалғасып жатқаны айтылды.

Бұдан бөлек, British Council ұйымымен жүзеге асырылған AELLCA жобасының нәтижелері туралы айтылды. Жоба аясында NILE ұйымымен бірлесіп үздіксіз кәсіби дамуға арналған курстар ҚР Оқу-ағарту министрлігі тарапынан аккредиттелген. Қазіргі уақытта мектеп тәлімгерлеріне арналған әдістемелік нұсқаулық дайындалуда.

Басқарма төрағасы Ғалымжан Алматов халықаралық серіктестіктің әлеуетін барынша пайдаланудың маңызын атап өтті.

“Әр филиал мен жергілікті білім басқармаларының жобалық серіктестіктері болуы шарт. Халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды күшейтіп, өңірлердегі нақты жобаларды көбейту қажет”, – деді Басқарма төрағасы.

Аппараттық кеңесте педагогтерді аттестаттаудың жаңа тетіктері де таныстырылды.

Оқу-әдістемелік жұмыс департаменті директорының м.а. Салтанат Есеналиева пилоттық жоба аясында педагогтердің жекелеген санаттары “Педагогтің білімін бағалау” рәсімінен өтпей-ақ, жинақталған портфолио материалдарының негізінде біліктілік санатын беру немесе растау үшін аттестаттаудан өте алатынын хабарлады. Сондай-ақ жобаға қатысу талаптары, қатыстырылмайтын санаттар, аттестаттау мерзімдері мен әлеуметтік кепілдіктер туралы ақпарат берілді.

Осы мәселеге байланысты Ғалымжан Алматов аттестаттау рәсімінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуді, педагогтермен жүйелі түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, олардың құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерінің толық сақталуына ерекше назар аударуды тапсырды.

Жиын соңында Басқарма төрағасы әр филиалдың 2026 жылдың І жартыжылдығындағы жұмыс қорытындылары бойынша есеп беруін ұйымдастыруды, сондай-ақ тренерлердің біліктілігін арттыру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.