Бүгін «Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалында жас педагогтерге кәсіби қолдау көрсетуге бағытталған тәлімгерлік диалог өтті. Кездесу мектеп басшылары мен жас мамандар арасындағы еркін әрі ашық сұхбат түрінде ұйымдастырылды.
Диалогтың негізгі мақсаты – педагогикалық қызметке жаңадан қадам басқан мамандардың кәсіби ортаға бейімделуіне қолдау көрсету, мұғалімдік жолдың алғашқы кезеңінде кездесетін қиындықтарды тәжірибелі мектеп басшыларымен бірге талқылау және нақты шешу жолдарын қарастыру.
«Жас мұғалім тәжірибелі ұстазға айналу жолында нені білуі керек?» – кездесудің негізгі өзегіне айналған осы сауал төңірегінде қатысушылар өз ойлары мен тәжірибелерін ортаға салды.
Мектеп басшылары өз тәжірибелерінен нақты мысалдар келтіріп, жас мамандарға дайын шешім ұсынумен шектелмей, әр педагогикалық жағдайды саралап, өз шешімін табуға бағыт берудің маңыздылығына назар аударды.
Жағдаяттық талдау барысында мектеп өмірінде кездесетін түрлі педагогикалық жағдайлар қарастырылып, қатысушылар оларды шешудің бірнеше жолын бірге талқылады. Ал рефлексия бөлімінде жас мамандар кездесуден алған негізгі ойларын ортаға салып, кәсіби дамуда өздері үшін маңызды бағыттарды айқындады.
Бүгінгі ашық диалог жас мамандарға тәжірибеден бағыт алып, кәсіби жолында сенімді қадам жасауға мүмкіндік берді.


