ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Ғалымжан Алматов Қарағанды облыстық филиалына жұмыс сапарымен барды.
Іссапар аясында филиалдың материалдық-техникалық базасы, педагогтердің біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыруға жасалған жағдайлар және кадрлық әлеуеті зерделенді. Сондай-ақ тренерлердің кәсіби даму мүмкіндіктері қарастырылып, филиалдың тиімді тәжірибелері мен оны одан әрі дамыту жолдары талқыланды.
Филиал ұжымымен өткен кездесуде Ғалымжан Алматов біліктілікті арттыру курстарының сапасын қамтамасыз ету және педагогтерді курстан кейінгі қолдау жұмыстарын жетілдіру мәселелеріне тоқталды. Басқарма төрағасы қоғам сұранысы мен білім беру саласындағы заманауи үрдістерге сай білім беру бағдарламаларын әзірлеу бағытында профессор-оқытушылар құрамының әлеуетін арттырудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ білім беру үдерісінде жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану мәселесіне назар аударды. Кездесу соңында кафедра оқытушылары мен бөлім қызметкерлері кәсіби қызметке қатысты сауалдарын қойып, тиісті жауап алды.
Бұдан кейін Басқарма төрағасы институттың құрылымдық бөлімше басшыларымен жеке кездесу өткізді. Онда Қарағанды филиалының негізгі қызмет бағыттары бойынша атқарылған жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелер талқыланды. Филиал директоры Мейрамгүл Жетпісбаева мен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Стратегия және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Әсел Рахымбекова тиісті бағыттар бойынша баяндама жасап, жұмыс нәтижелері мен алдағы міндеттерге тоқталды.
Жиын қорытындысында жұмыс сапарының нәтижелері сараланып, филиалдың инфрақұрылымын жетілдіру және кадрлық әлеуетін нығайту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.


