+7 (7172) 55 95 55

M

05.06.2026

Өрлеу» Басқарма төрағасы Қостанай облысындағы филиалдың жұмысымен танысты

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Галымжан Алматов Қостанай облысы бойынша Кәсіби даму институты филиалына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында филиал қызметінің негізгі бағыттарына талдау жүргізіліп, инфрақұрылымдық жағдайы мен кадрлық әлеуеті зерделенді.

Жұмыс барысында филиалдың материалдық-техникалық базасы, оқу аудиторияларының жабдықталуы, цифрлық білім беру ортасы және педагогтердің біліктілігін арттыруға жасалған жағдайлар қарастырылды. Сонымен қатар білім беру үдерісінің ұйымдастырылуы мен оның заманауи талаптарға сәйкестігіне назар аударылды.

Филиал басшылығымен өткен кездесуде Қостанай облысы бойынша Кәсіби даму институтының директоры Гульвира Айдархановна өңірлік филиалдың қызметі, қол жеткізген нәтижелері, жетістіктері, өзекті мәселелері мен даму стратегиясы туралы баяндады. Ал «Өрлеу» ұлттық орталығының Стратегия және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Рахимбекова Асель Ермековна филиал қызметін одан әрі дамыту бағыттарына тоқталды.

Сапар барысында бірқатар әкімшілік-шаруашылық мәселелер қаралып, олар бойынша нақты шешімдер қабылданды. Әсіресе филиал ғимаратының құқықтық тиістілігіне қатысты 14 жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселе көтеріліп, Басқарма төрағасы аталған түйткіл бойынша нақты шешім қабылданып, мәселені оңтайлы реттеу бағытында жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.

Сондай-ақ қызметкерлер және тренерлер құрамымен кездесулер өткізіліп, педагогтердің кәсіби дамуы, өңірлік сұраныстар мен білім беру сапасын арттыру мәселелері талқыланды.

Іссапар қорытындысы бойынша филиал қызметінің тиімділігін арттыру, үздік тәжірибелерді тарату, өңірлік қолдау жұмыстарын күшейту және филиалдың тұрақты дамуын қамтамасыз ету бойынша бірқатар міндеттер айқындалды.