ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Ғалымжан Алматов Ақмола облысы бойынша Кәсіби даму институты филиалына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында филиал қызметінің негізгі бағыттарына талдау жүргізіліп, инфрақұрылымдық жағдайы мен кадрлық әлеуеті зерделенді.
Жұмыс барысында филиалдың материалдық-техникалық базасы, оқу аудиторияларының жабдықталуы, цифрлық білім беру ортасы және педагогтердің біліктілігін арттыруға жасалған жағдайлар қарастырылды. Сонымен қатар білім беру үдерісінің ұйымдастырылуы мен оның заманауи талаптарға сәйкестігіне назар аударылды.
Филиал басшылығымен өткен кездесуде Ақмола облысы бойынша Кәсіби даму институтының директоры Жанна Байгаринова өңірлік филиалдың қызмет нәтижелері, жетістіктері мен өзекті мәселелері туралы баяндады. Ал «Өрлеу» ұлттық орталығының Стратегия және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Асель Рахимбекова филиал қызметін дамыту бағыттарына тоқталды.
Сондай-ақ сапар аясында қызметкерлер және тренерлер құрамымен кездесулер өткізіліп, педагогтердің кәсіби дамуы, өңірлік сұраныстар мен білім беру сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Басқарма төрағасы біліктілікті арттыру курстарына қатысып, оқу үдерісінің ұйымдастырылуымен танысты.
Іссапар қорытындысы бойынша филиал қызметінің тиімділігін арттыру, үздік тәжірибелерді тарату және өңірлік қолдау жұмыстарын күшейту қажеттігі атап өтілді. Сонымен қатар Басқарма төрағасы анықталған кемшіліктерді жою және жүйелі жұмысты жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар берді.


