+7 (7172) 55 95 55

M

13.04.2026

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында Литваның Vytautas Magnus University өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті

Басқосуға стратегиялық даму жөніндегі вице-ректор, профессор, доктор Астрида Мицейкене, Білім беру академиясының вице-канцлері, қауымдастырылған профессор, доктор Илона Тандзегольскене-Белаглове және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Илона Казлаускайте қатысты.

Кездесу барысында «Өрлеу» орталығы мен университет арасындағы академиялық және ғылыми ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды. Қонақтардың бастамасымен бірлескен жобалардың жаңа бағыттары ұсынылып, халықаралық білім беру және ғылыми жобаларға, соның ішінде Erasmus+ бағдарламасы аясында бірлесіп қатысу мүмкіндіктері қарастырылды.

Сонымен қатар педагогтердің біліктілігін арттыру саласындағы заманауи үрдістерге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, цифрлық білім беру ортасын дамыту, инклюзивті білім беру бағытында мұғалімдерді қолдау, жас педагогтерге арналған тәлімгерлік бағдарламаларды жетілдіру және педагогтердің әлеуметтік-эмоционалдық құзыреттерін жүйелі дамыту мәселелері көтерілді.

Кездесу қорытындысы бойынша білім беру және ғылыми бағыттарда өзара ынтымақтастықты дамыту туралы келісімге қол жеткізілді. Бұл ретте халықаралық озық тәжірибелерді енгізу және педагогтердің кәсіби дамуына арналған тиімді тәсілдерді бірлесіп әзірлеу ерекше маңызға ие.