ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы еліміздің бес педагогикалық жоғары оқу орнының түлектері арасында кәсіби даярлық деңгейін диагностикалық бағалаудан сәтті өткен «Келешек мектептері» жобасының жас педагогтерімен кездесулер өткізуде. Бұл жұмыс жаңа форматтағы мектептердің кадрлық әлеуетін нығайтуға, жоғары оқу орнындағы даярлық пен мектептегі кәсіби қызметтің бастапқы кезеңі арасындағы сабақтастықты қамтамасыз етуге бағытталған.
Жаңа форматтағы мектептерде еңбек жолын бастаған жас педагогтер кәсіби қызметінің алғашқы жылын өткеруде. Бұл кезеңде жүйелі әдістемелік қолдау мен тәлімгерлік ерекше маңызға ие. Осыған орай «Өрлеу» орталығының тренерлері өңірлерде «Ұстаз көшбасшылығы» тақырыбында заманауи педагогиканың өзекті мәселелеріне арналған семинарлар өткізді. Онда қатысушылар педагогикалық көшбасшылықты мұғалімнің кәсіби болмысы тұрғысынан талдап, заманауи зерттеулерді зерделеді, тәжірибе алмасты және білім беру үдерісіндегі өз рөлі мен ықпалын саралады.
«Келешек мектептері» жобасы аясында «Өрлеу» орталығы жас педагогтердің кәсіби дамуын жүйелі түрде қолдап келеді. Осы мақсатта болашақ мұғалімдерді іріктеу, сүйемелдеу және кәсіби дамытуға арналған career.orleu.edu.kz цифрлық мансаптық платформасы іске қосылды.
Платформа мектеп директорларына педагогикалық мамандық түлектерінің тестілеу нәтижелері, кәсіби құзыреттілік көрсеткіштері және мансаптық таңдаулары қамтылған жеке профильдерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл кадрларды тиімді іріктеуге, жоспарлауға және мектептерге жас мамандарды тартуға жағдай жасайды.
Алдағы уақытта «Өрлеу» ұлттық орталығы «Келешек мектептері» жобасына қатысушы мұғалімдермен кездесулерді тұрақты түрде жалғастыруды жоспарлап отыр. Келесі семинарлар инклюзивті білім беру, педагогикалық практиканы жетілдіру және оқытудың заманауи тәсілдерін енгізу мәселелеріне арналмақ.













