«Өрлеу» БАҰО» АҚ мен «Қазақстан шахмат федерациясы» РҚБ арасында ынтымақтастық туралы меморандумға «Өрлеу» БАҰО» АҚ Басқарма төрағасы Ғалымжан Алматов пен Қазақстан шахмат федерациясының Бірінші вице-президенті Дәрмен Садвакасов қол қойды.
Меморандум педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға, шахматты білім беру үдерісінде тиімді қолдануға және бірлескен курстар мен оқу-әдістемелік жұмыстарды дамытуға бағытталған.
Осы ынтымақтастық аясында Солтүстік Қазақстан облысы бойынша «Өрлеу» филиалында педагогтерге арналған шахмат курсы өтіп жатыр. Курс барысында мұғалімдер шахматты оқыту әдістемесін меңгеріп, оны сабақта және сыныптан тыс жұмыстарда қолдану жолдарын үйренуде.
Шахмат педагогтерге оқушылардың логикалық ойлауын, зейінін, есте сақтау қабілетін және шешім қабылдау дағдыларын дамытуға мүмкіндік беретін тиімді құралдарды меңгеруге жол ашады.
Бұл жұмыстың нәтижесі облыс балалары үшін де маңызды. Шахмат оқушыларды бірнеше қадам алға ойлауға, дұрыс шешім қабылдауға, шыдамдылық танытуға және өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауға үйретеді.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша «Өрлеу» филиалында өтіп жатқан курс – педагогтердің кәсіби дамуы мен балалардың интеллектуалдық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Шахмат – ойлауға, таңдауға және жауапкершілік алуға үйрететін құрал.


