+7 (7172) 55 87 82

M

18.08.2026

«ӨРЛЕУ» ТАМЫЗ КЕҢЕСІНДЕ: ПЕДАГОГТІҢ ЦИФРЛЫҚ ПРОФИЛІ – АТТЕСТАТТАУДЫҢ ЖАҢА ФОРМАТЫ

Астана қаласы педагогтерінің дәстүрлі басқосуы – кәсіби тәжірибе алмасуға, заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін талқылауға және жаңа оқу жылының маңызды міндеттерін айқындауға мүмкіндік беретін мазмұнды алаң.

«Білім беру жүйесінің стратегиялық дамуы: Конституциялық құндылықтар, ЖИ және адами капитал» тақырыбындағы жиында құндылықтарды оқу-тәрбие үдерісіне енгізу, жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану, адами капиталды дамыту және педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды.

Кеңестің маңызды тақырыптарының бірі – педагогтерді аттестаттаудың жаңа форматы. «Өрлеу» БАҰО» АҚ Оқу-әдістемелік жұмыс департаментінің директоры Сәуле Вильданова «Аттестаттаудың пилоттық жобасы: мектепке дейінгі ұйым педагогінің цифрлық профилі» тақырыбында баяндама жасап, жобаның негізгі тетіктерін таныстырды.

Пилоттық жоба 2026 жылғы 1 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін жүзеге асырылады. Оның басты ерекшелігі – белгіленген талаптарға сәйкес келетін мектепке дейінгі ұйым педагогтеріне тестілеусіз, «Ұстаз» платформасында цифрлық профиль қалыптастыру арқылы аттестаттаудан өту мүмкіндігін беру.

Жаңа форматта педагогтің күнделікті кәсіби тәжірибесі мен нақты нәтижесіне басымдық беріледі. Цифрлық профильде тәрбиелеу-білім беру процесінің сапасы, кәсіби шеберлігі, тәжірибесін таратуы, біліктілігін арттыруы, әріптестерінің кәсіби дамуына қолдау көрсетуі және ата-аналармен жұмысы ескеріледі.

«Өрлеу» үшін басты бағдар – педагогтің кәсіби дамуын үздіксіз қолдап, тәжірибесі мен шеберлігін нақты нәтижелер арқылы бағалауға мүмкіндік беретін заманауи орта қалыптастыру.