«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында Басқарма төрағасы Ғалымжан Алматовтың төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Кеңесте 2027 жылға арналған білім беру бағдарламаларын әзірлеу, халықаралық жобалардың нәтижелері және стратегиялық бастамалардың жүзеге асырылуы қаралды.
Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы зертхананың басшысы Гүлфарида Мырзақұлова жаңа бағдарламалар педагогтердің кәсіби сұраныстары мен білім беру саласындағы өзгерістер негізінде әзірленіп жатқанын айтты. Қазіргі таңда мектепке дейінгі, бастауыш, пәндік, пәнаралық және менеджмент бағыттары бойынша 17 білім беру бағдарламасы әзірленуде. Бағдарламалар мазмұнында жасанды интеллектіні тиімді қолдану, киберқауіпсіздік, экологиялық сауаттылық, зерттеуге негізделген оқыту, әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларды дамыту және білім беру ұйымдарын стратегиялық басқару мәселелеріне басымдық берілген. Оларды әзірлеуде халықаралық стандарттармен қатар ҰБТ және ПББ нәтижелерінің талдауы ескерілген.
Кеңес барысында British Council Kazakhstan серіктестігі аясындағы AELLCA жобасының қорытындылары қаралды. Жоба аясында 1 сарапшы-тренер, 20 шебер-тренер және 64 пәндік тренер даярланған және 1220 педагог оқытылған. Мамыр–тамыз айларында каскадты оқытуды әрі қарай жалғастыру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық байқауының ұйымдастырылу барысы талқыланды. Биыл педагогтер тарапынан оқу, цифрлық және жаратылыстану-ғылыми сауаттылық бағыттарына қызығушылық жоғары. Биыл алғаш рет «Жаһандық құзыреттер» бағыты енгізілді. Материалдарды қабылдау мен бағалау толық цифрлық платформа арқылы жүргізіледі. Өңірлік кезеңге өтінімдер 30 маусымға дейін қабылданады.
Кеңес соңында филиал және өкілдік басшылары атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, алдағы кезеңге арналған жоспарларын таныстырды. Аппараттық кеңес қорытындысы бойынша Басқарма төрағасы бірқатар нақты міндеттерді айқындап, тиісті тапсырмалар жүктеді.


