БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ФУНКЦИОНАЛДЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ТИІМДІ ТƏСІЛІ РЕТІНДЕ САНАЛЫ ОҚУ
Аңдатпа
Мақалада бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығын қалыптастырудағы саналы оқудың маңызы мен педагогикалық мүмкіндіктері қарастырылады. Зерттеудің өзектілігі қазіргі білім беру жағдайында оқушылардың тек оқу техникасын меңгеруі жеткіліксіз екендігімен түсіндіріледі. Бастауыш сынып оқушысы мəтіннің мазмұнын терең түсініп, негізгі жəне қосымша ақпаратты ажырата алуы, оны талдап, бағалап, оқу жəне күнделікті өмірлік жағдаяттарда тиімді қолдана білуі қажет. Мақаланың мақсаты - саналы оқудың педагогикалық əлеуетін ашу жəне оны бастауыш сынып сабақтарында тиімді қолданудың əдістемелік шарттарын айқындау. Зерттеу барысында ғылыми-педагогикалық əдебиеттерді теориялық талдау, нормативтік құжаттарды зерделеу, əдістемелік тəжірибені жүйелеу жəне педагогикалық модельдеу əдістері қолданылды. Нəтижесінде мəтінді түсіну деңгейлері нақтыланып, мəтінмен жұмыстың оқу алдындағы, оқу барысындағы жəне оқудан кейінгі кезеңдерінде қолданылатын тиімді əдіс-тəсілдер сипатталды. Сонымен қатар саналы оқудың оқушылардың танымдық белсенділігін, сыни ойлауын, коммуникативтік дағдыларын, оқырмандық құзыреттілігін жəне білімді тəжірибеде қолдану қабілетін дамытудағы рөлі негізделді.