Өрлеу

ЭЙЛЕР ТҮЗУІ МЕН ШЕҢБЕРІН ОҚЫТУ АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ЗЕРТТЕУШІЛІК ҚҰЗЫРЕТТІЛІГІН ДАМЫТУ

Алтынкуль Наурызбаева, Əсел Боранбаева

Аңдатпа

Бүгінгі таңдағы қоғамның жедел дамуы оқу жүйесінен тек академиялық дайындығы бар мамандарды емес, жаңа идеяларға ашық, күрделі түйткілдерді зерттеп, креативті əрі сыни тұрғыдан ойлана алатын тұлғаларды тəрбиелеуді талап етеді. Ғылым мен техниканың қарыштап өсуі, ақпарат тасқынының артуы жəне жаңа технологиялардың тұрмысымызға енуі оқушының тек дайын мəліметті қабылдаушы болуымен шектелмеуін міндеттейді. Керісінше, оқушы алған білімін іс жүзінде қолдана білетін, сараптама жасап, болжай алатын, қиын мəселелерді шешуге қабілетті жəне дербес ой қорыта алатын жеке тұлға болып қалыптасуы тиіс. Математикалық тəжірибелер жəне зерттеулер оқушыларды математикалық дайындауда маңызды рөл атқарады. Оларды қолдану математикалық білімді тереңірек жəне толығырақ игеруде тиімділікті жоғарылатыны дəлелденген, оқушыларда креативті ойлау қасиеттері, гипотезаларды тұжырымдау, логикалық талдаулар, жалпылау, қорытындылау дағдылары қалыптасады. Сондықтан мақала мақсаты геометрия тақырыбын оқушыларға GeoGebra компьютерлік ортасында математикалық тəжірибе жасата отырып, зерттеулер жүргізуді ұйымдастыру арқылы оқыту болып табылады. Мақалада геометрияны тереңдетіп оқитын сыныптарда «Эйлер түзуі мен Эйлер шеңбері» тақырыбын оқытуға ұсынылатын дидактикалық əзірлеме қарастырылады. Оқушылар бұл екі теореманы қолданатындай дəрежеде түсіну үшін, оны өз бетімен дəлелдеу керек. Мұнда көптеген нүктелердің қасиеттері қатар қарастырылатындықтан, оқушылардың дербес игеруін қамтамасыз ету үшін күрделі теоремалар, олардың бірізділігі сақтала отырып, тапсырмаларға (леммаларға) бөлінді. Бұл əдістемелік əзірлемеде мұғалім тек бағыттаушы, ал оқушы осы тамаша нүктелердің қасиеттерін зерттеуші рөлінде болады. Бұл дайындалған жүйені 9-сынып оқушыларына факультативтік сабақтарда, бейіндік сыныптарда жəне оқушыларды олимпиадаға дайындау барысында қолдану ұсынылады.

Мақала мәтіні

PDF ашу