Өрлеу

ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚТЫ ОҚЫТУДЫҢ ЖАҢАША ТӘСІЛДЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚТЫ ОҚЫТУДЫҢ ЖАҢАША ТӘСІЛДЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Ақшаға қатысты дұрыс шешім қабылдау, қаржыны жоспарлау, тәуекелді бағалау – бүгінгі қоғамда әр адамға қажет өмірлік дағдылар. Ал, осы құзыреттерді жас ұрпақтың бойына қалыптастыру – білім беру жүйесінің маңызды міндеттерінің бірі.

Осы бағыттағы өзекті мәселелерді талқылау мақсатында Ақтөбе облысы бойынша Кәсіби даму институтының ұйымдастыруымен «Қазіргі заман дағдылары: қаржылық сауаттылықты оқытудың инновациялық-интеграциялық тәсілдері» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференция өтті.

Кездесу барысында Жамбыл, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстары мен Ақтөбе өңірінің педагогтері, сондай-ақ, ҚР Ұлттық Банкі Ақтөбе филиалының өкілі сөз сөйлеп, тәжірибелерімен бөлісті.

Қатысушылар қаржылық сауаттылықты оқытудың тиімді жолдарын, оны оқу пәндерімен кіріктіру мүмкіндіктерін, білім алушылардың күнделікті өмірде қаржылық шешім қабылдау дағдыларын қалыптастырудағы педагогикалық әдістерді талқылады. Сонымен қатар, өңірлерде жүзеге асырылып жатқан тәжірибелер мен білім беру тәжірибесіне енгізуге болатын тың тәсілдер ортаға салынды.

Конференцияның мазмұны бір маңызды ойды айқындады: қаржылық сауаттылық – жеке пәннің аясында қалатын білім емес, өмір бойы қажет болатын құзырет. Сондықтан оны оқыту теориялық түсіндірумен шектелмей, нақты өмірлік жағдайлармен, практикалық тапсырмалармен және пәнаралық байланыспен ұштасуы тиіс.

Осындай кәсіби алаңдар педагогтер арасындағы тәжірибе алмасуды кеңейтіп қана қоймай, білім беру мазмұнын заман талабына сай жаңартуға және қаржылық тұрғыдан сауатты ұрпақ қалыптастыруға бағытталған ортақ ізденіске жол ашады.

Бөлісу

Басқа жаңалықтар