Өрлеу

ПЕДАГОГТЕРДІ КУРСТАН КЕЙІНГІ ҚОЛДАУ – БАСТЫ НАЗАРДА

ПЕДАГОГТЕРДІ КУРСТАН КЕЙІНГІ ҚОЛДАУ – БАСТЫ НАЗАРДА

Филиалда «Үштік спираль» моделі негізінде Қызылорда облысының білім басқармасы – «Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалы – инклюзивті білім беру бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өткен мектеп басшылары арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірлескен вебинар өткізілді. Вебинар жұмысы «Инклюзивті мектепті басқару: курстан кейінгі тәжірибе, серіктестік және даму перспективалары» тақырыбына арналды.

Курстан кейінгі қолдау Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 95 бұйрығымен бекітілген педагогтердің біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру және өткізу, сондай-ақ педагогтер  қызметін курстан кейінгі қолдау қағидалары негізінде жүзеге асырылады.

Кездесудің негізгі мақсаты – инклюзивті білім беру бойынша біліктілікті арттыру курстарын аяқтаған мектеп басшыларының кәсіби тәжірибесін зерделеу, білім беру ұйымдарының өзекті қажеттіліктерін анықтау, курстан кейінгі қолдаудың басым бағыттарын айқындау және білім беру саласындағы серіктестікті дамыту.

Вебинар барысында трансформациялық көшбасшылық, инклюзивті білім беруді тиімді басқару, педагогтерді қолдау, командалық жұмыс және кәсіби ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Қатысушылар білім беру ұйымдарындағы нақты тәжірибелерімен бөлісіп, инклюзивті орта қалыптастыру барысында кездесетін кедергілерді атап өтті және оларды шешудің тиімді жолдарын ұсынды.

Вебинардың мазмұны «Үштік спираль» моделінің негізгі қағидаттарына сүйене отырып құрылды. Аталған модель аясында үш тараптың өзара толықтыратын қызметі қарастырылды:

- Қызылорда облысының білім басқармасы – өңірлік білім беру саясатының басымдықтарын айқындау, білім беру ұйымдарының қажеттіліктерін үйлестіру және инклюзивті білім беруді дамытуға институционалдық қолдау көрсету;

- «Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалы – курстан кейінгі ғылыми-әдістемелік қолдау көрсету, педагогтердің кәсіби құзыреттерін дамыту, тәжірибе алмасу алаңдарын ұйымдастыру және озық тәжірибелерді тарату;

- Мектеп басшылары – курста меңгерген білімдері мен дағдыларын басқару тәжірибесіне енгізу, инклюзивті білім беру ортасын жетілдіру, педагогикалық команданың әлеуетін арттыру және білім беру ұйымдарындағы өзгерістерді басқару.

«Өрлеу» Қызылорда филиалы алдағы уақытта Қызылорда облысының білім басқармасы және өңірдегі білім беру ұйымдарымен серіктестікті нығайта отырып, педагогтердің кәсіби дамуына курстан кейінгі әдістемелік қолдау көрсету, тәжірибе алмасу және инклюзивті білім беруді дамытуға бағытталған бірлескен жұмыстарды жалғастырады.

Бөлісу

Басқа жаңалықтар

ПЕДАГОГТЕРДІ КУРСТАН КЕЙІНГІ ҚОЛДАУ – БАСТЫ НАЗАРДА — Өрлеу