Өрлеу

«Өрлеу» және Шанхай ашық университеті: ынтымақтастықтың жаңа бағыттары

«Өрлеу» және Шанхай ашық университеті: ынтымақтастықтың жаңа бағыттары

Педагогтің кәсіби дамуын жаңа технологиялармен қалай ұштастыруға болады? Цифрлық платформалар мұғалімнің күнделікті жұмысына қандай мүмкіндік береді? Әртүрлі елдердің білім беру тәжірибесін ортақ жобаларға қалай айналдыруға болады?

Осы және өзге де мәселелер «Өрлеу» БАҰО» АҚ мен Шанхай ашық университеті өкілдерінің кездесуінде талқыланды.

«Өрлеу» Басқарма төрағасы Ғалымжан Алматов Шанхай ашық университетінің президенті Цзя Вэй бастаған делегациямен кездесіп, педагогтердің кәсіби дамуы, цифрлық білім беру платформалары мен заманауи технологияларды білім беру үдерісіне енгізу бағыттары бойынша пікір алмасты.

Кездесу екі ұйымның қызметімен танысудан басталды. Басқарма төрағасының орынбасары Аида Мейркулова «Өрлеудің» негізгі жұмыс бағыттарын таныстырса, Бағдарламаларды қамтамасыз ету департаменті директорының міндетін атқарушы Карен Долмағамбетов Digital Orleu және білім беру үдерісін цифрландыру бағытындағы жұмыстар туралы баяндады.

Шанхай ашық университеті делегация құрамының өзі кездесудің ауқымын аңғартты. Оның құрамына халықаралық және бірлескен білім беру жобаларын дамыту, ақпараттық технологиялар мен оқу ресурстарын басқару, экономика және менеджмент, персоналды дамыту бағыттарына жауапты мамандар енді.

Бұл құрам тәжірибе алмасуды бір ғана бағытпен шектемей, мәселені кешенді қарастыруға мүмкіндік берді. Яғни әңгіме тек педагогті оқыту туралы емес, кәсіби дамудың мазмұнын цифрлық технологиялармен байланыстыру, заманауи оқу ресурстарын пайдалану, білім беру жобаларын ұйымдастыру және оларды басқару, мамандардың кәсіби әлеуетін дамыту тәжірибесін өзара зерделеу төңірегінде өрбіді.

Тараптар үшін ортақ тақырыптардың бірі — цифрлық білім беру мүмкіндіктері. Осы ретте платформаларды педагогтің кәсіби дамуына тиімді пайдалану, цифрлық оқу ресурстарын жетілдіру және технологиялық шешімдерді білім беру тәжірибесіне енгізу мәселелері сөз болды.

Кездесудің тағы бір маңызды бағыты — педагогтердің кәсіби дамуы. Екі ұйым осы саладағы тәжірибелерімен бөлісіп, мұғалімге қажетті білім мен ресурстарды қолжетімді ету, кәсіби дамуды заманауи форматтармен ұштастыру мүмкіндіктерін талқылады.

Кездесу соңында Ғалымжан Алматов пен Цзя Вэй талқыланған бағыттар бойынша байланысты одан әрі дамытуға назар аударды.

Яғни бұл кездесу — екі ұйымның тәжірибесін тоғыстырып, білім беру мен цифрлық дамуда ортақ мүмкіндіктерді іздеуге арналған кәсіби диалог алаңы болды.

Бөлісу

Басқа жаңалықтар

«Өрлеу» және Шанхай ашық университеті: ынтымақтастықтың жаңа бағыттары — Өрлеу