«ҰСТАЗ-CREATOR: ШАБЫТ ПЕН ШЕБЕРЛІК» ОБЛЫСТЫҚ БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Бүгін институтта «Ұстаз-Creator: Шабыт пен шеберлік» тақырыбында тәлімгерлер мен жас мамандарға арналған облыстық байқау өтті. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Түркістан облысы бойынша кәсіби даму институтының ұйымдастырған сайысқа өңірдің білім беру ұйымдарынан, оның ішінде тәлімгерлер мен еңбек өтілі үш жылға дейінгі жас педагогтерден құралған командалар қатысты.
Қатысушылар өздерінің кәсіби шеберлігін үш кезең бойынша сынады. Алдымен «Әдістемелік шеберлік» кезеңінде педагогикалық дуэттер сабақ барысында қолданатын авторлық әдістемелерін, жаңа педагогикалық технологияларын таныстырып, оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыруға бағытталған үш креативті әдістемелік қадамын ұсынды.
Ал екінші «Шабыттандырушы тәлімгер» бөлімінде қатысушылар тәрбие жұмысындағы тың жобаларын, оқушылармен және ата-аналармен өзара әрекеттесудің заманауи форматтарын таныстырды. Атап айтқанда, дәстүрлі ата-аналар жиналысының орнына өткізуге болатын шеберлік сыныбы, тренинг, коучинг секілді шығармашылық іс-шаралардың жобаларын қорғады.
Үшінші кезең – «Педагогикалық тәжірибемнің ерекшелігі». Мұнда командаларға кездейсоқ таңдалған үш зат ұсынылып, сол заттарды өзара байланыстыра отырып, пәндік бағыттағы тиімді оқыту әдісін немесе көрнекі құрал әзірлеу тапсырылды. Қатысушылардың тапқырлығы, импровизация жасау қабілеті, шығармашылық ойлауы және бірлесіп шешім қабылдау шеберлігі бағаланды.
Филиал директоры Нұржан Нұрлыбаев жеңімпаздарды құттықтап, алғыс хаттар табыстады. Байқау нәтижесінде байқауының нәтижесінде І дәрежелі дипломмен Түркістан облысы Арыс қаласы «Жиделі» жалпы білім беретін мектептің тәлімгері Күздек Айгерім және жас маман Жайлаубай Балнұр, ІІ дәрежелі дипломмен Түркістан қаласы №33 жалпы білім беретін мектептің тәлімгері Әпет Құралай және жас маман Сұлтанбек Шерхан, ІІІ дәрежелі дипломмен Түркістан облысы Сарыағаш ауданы «№80 жалпы білім беретін мектептің» тәлімгері Масақбаева Жаннат және жас маман Сағындық Сандуғаш марапатталды.
Байқау жұмысына филиал директорының орынбасары Мұхтар Ахтаев, сондай-ақ Халықаралық меймандостық және туризм университетінің аға оқытушысы Айгүл Бескемпірова, институттың аға оқытушылары Гүлмира Орынбасарова, Бәкіржан Айдарбек және Біржан Шериев қазылық етті.
Қазылар алқасы қатысушылардың әдістемелік жаңашылдығын, ұсынылған жобалардың практикалық маңыздылығын, шығармашылық ізденісін, педагогикалық идеяларының ерекшелігін және өзара үйлесімді жұмыс істеу қабілетін бағалады.
Айта кетейік, байқаудың негізгі мақсаты – тәлімгер мен жас маманның бірлескен шығармашылық әлеуетін ашу, өзара кәсіби қолдау жүйесін нығайту, тәлімгерлік институтының беделін арттыру және білім беру саласындағы заманауи жасампаз мұғалім бейнесін қалыптастыру.
Басқа жаңалықтар

Курстан кейінгі қолдау
Бүгін институттың Жаратылыстану-математикалық бағыттағы кафедраның аға оқытушысы Бақыт Садиков «Python бағдарламалау тілінде деңгейлік есептердің шешу және білім беруде ЖИ платформаларында тапсырмалар модельдерін әзірлеу» тақырыбында курстан кейінгі қолдау вебинарын өтті.

КУРСТАН КЕЙІНГІ ҚОЛДАУ: ТӘЖІРИБЕДЕН – НӘТИЖЕГЕ
Педагогтің курста меңгерген білімі мен дағдыларын күнделікті сабақ тәжірибесіне енгізу, туындаған мәселелерді бірлесе шешу және әдістемелік қолдау көрсету – үздіксіз кәсіби дамудың маңызды шарты болып табылады.

Жаңа Конституция және білім: «Өрлеуде» пікірталас өтті
Ақмола облысы бойынша «Өрлеу» филиалында Жаңа Конституцияның күшіне енуінің алғашқы нәтижелері мен оның білім беру жүйесіне тигізетін ықпалына арналған ауқымды панельдік пікірталас өтті.