«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында Басқарма төрағасының төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Жиында мемлекеттік тапсырыстың орындалуы, педагогтерді аттестаттау, диагностикалық тестілеу нәтижелері және еңбек тәртібі мәселелері қаралды.
Білім беру процесін басқару департаментінің басшысы Маржан Искакова мемлекеттік тапсырыстың орындалу барысы туралы баяндады. Сонымен қатар ЕБДП жүйесінде педагогтердің сабаққа қатысуын бақылау, педагогикалық жүктемені цифрлық есепке алу, өңірлердегі ақылы курстардың көрсеткіштері, оқу жүктемесі мен штат бірліктері бойынша мәліметтер ұсынылды.
Сапаны бағалау департаментінің басшысы Ақмарал Жұмықбаева «Келешек мектептері» жобасы аясында педагогикалық мамандық түлектерін диагностикалық тестілеу нәтижелерін таныстырды. Тестілеу қорытындылары жас мамандардың кәсіби даярлық деңгейін бағалауға және оларды жұмысқа орналастыруға қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, жоғары нәтиже көрсеткен түлектер career.orleu.edu.kz платформасы арқылы конкурс рәсімінсіз педагогикалық қызметке орналасу мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар жоғары оқу орындары түлектерін кәсіби қолдау және олардың еңбек нарығына бейімделу бағытындағы жұмыстар қарастырылды.
Педагогтерді аттестаттау және «Ұстаз» платформасының жұмысы туралы ақпарат берілді. Аттестаттау үдерісі тұрақты түрде жүргізіліп, өңірлердегі білім басқармаларымен тығыз өзара іс-қимыл қамтамасыз етілуде. Жұмыс барысында туындайтын мәселелер жедел қаралып, уақтылы шешімін табуда. Педагогтерден келіп түсетін әрбір өтініш пен ұсыныс назардан тыс қалмай, белгіленген тәртіппен қарастырылып жатыр. Бұл туралы Ақпараттық жүйелерді әкімшілендіру департаментінің директоры Камила Айтқожина мәлімдеді.
Персоналды басқару қызметінің басшысы Дария Мусаева еңбек тәртібі мен қызметтік әдеп қағидаларын сақтау мәселесіне тоқталды. Қызметкерлердің жұмыс уақытын ұстануы және ішкі регламенттердің орындалуы назарға алынды.
Кеңес қорытындысы бойынша Басқарма төрағасы аталған бағыттардағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Өңірлік филиалдарға педагогтермен түсіндіру жұмыстарын жандандырып, аттестаттау мәселелерін тұрақты бақылауда ұстау және нақты нәтижеге бағытталған жұмысты жалғастыру жүктелді.


