+7 (7172) 55 95 55

M

30.03.2026

Педагогтерге арналған біліктілікті арттыру курстары басталды

Қазақстанда педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуын қамтамасыз ету және құзыреттерін жүйелі арттыру мақсатында мемлекеттік тапсырыс аясындағы біліктілікті арттыру курстары басталды. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы ұстаздардың нақты сұранысы мен қажеттіліктеріне сәйкес 38 заманауи білім беру бағдарламасын әзірледі.

Бағдарламаларды сапалы іске асыру мақсатында орталықтың сарапшылары мен тренерлері UNESCO, UNICEF, British Council, University of Houston, RCEC және Google сияқты халықаралық ұйымдар мен білім беру мекемелерінің біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, кәсіби құзыреттерін жетілдірді. Бұл қадам оқу бағдарламаларының сапасын күшейтіп, оларды халықаралық талаптарға сәйкестендіруге мүмкіндік берді.

Аталған оқу бағдарламалары негізінде біліктілікті арттыру курстары еліміздің барлық өңірінде кезең-кезеңімен ұйымдастырылады. Оқыту мазмұны мектепке дейінгі және орта білім беру деңгейлеріндегі барлық пәндік бағыттарды қамтиды. Бағдарламалар педагогикалық тәжірибені заманауи технологиялармен ұштастыруға негізделіп, оқу үдерісінде жасанды интеллект құралдарын кіріктіруді көздейді. Сонымен қатар инклюзивті білім беру мен басқарушылық құзыреттерді дамытуға басымдық берілген.

Көшбасшылық бағытындағы курстар білім беру ұйымдарын басқаруда стратегиялық ойлау мен жүйелі тәсілді қалыптастыруға бағытталса, инклюзивті білім беру модульдері оқу бағдарламаларын бейімдеу, білім алушылардың жеке қажеттіліктерін ескеру және қолдаушы орта құру бойынша нақты практикалық шешімдерді қамтиды.

Сонымен қатар оқу материалдары мен озық педагогикалық тәжірибелер жүйеленген «Beles» цифрлық платформасы жаңартылды. Платформа педагогтерге кәсіби ресурстарға қол жеткізуге және өз дамуын тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, аталған бағдарламалар педагогтердің кәсіби дамуын жүйелі қолдауға, білім беру сапасын арттыруға және білім беру жүйесінің мазмұндық жаңаруын қамтамасыз етуге бағытталған. «Өрлеу» ұйымдастырған біліктілікті арттыру курстары осы жылдың қараша айының соңына дейін жалғасады.