Астана қаласында Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ұйымдастыруымен «Бастауыш мектептің жазғы сессиясы: Сапалы өзгерістер және кәсіби даму» атты республикалық семинар өтіп жатыр. Ауқымды іс-шараға Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қатысып, жаңа 2026–2027 оқу жылындағы бастауыш білім берудің басым бағыттарын таныстырды.
Сессия аясында «Қазақстандағы педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуы: «Өрлеу» ұлттық орталығының тәжірибесі және институционалдық шешімдері» тақырыбында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Ғалымжан Алматов баяндама жасады.
Басқарма төрағасы өз сөзінде Қазақстандағы педагогтердің үздіксіз кәсіби даму жүйесінің халықаралық деңгейде жоғары бағаланып отырғанын атап өтті. TALIS-2024 халықаралық зерттеуіне сәйкес, елімізде педагогтердің 99,2 пайызы біліктілікті арттыру курстарымен қамтылған. Бұл көрсеткіш ЭЫДҰ елдерінің орташа деңгейінен жоғары. Сонымен қатар қазақстандық педагогтердің 64 пайызы курстардың кәсіби қызметіне оң ықпал еткенін көрсеткен.
Ғалымжан Алматов «Өрлеудің» 2029 жылға дейінгі даму стратегиясының негізгі бағыттарына тоқталып, педагогтердің үздіксіз кәсіби даму жүйесін жаңғырту, оны цифрландыру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын күшейту және педагогтердің жан-жақты дамуын қолдау басты басымдықтардың бірі екенін айтты.
Баяндамада педагогтердің кәсіби дамуын цифрландыру бағытындағы жұмыстарға ерекше назар аударылды. Бүгінде «Ұстаз» платформасында 96 мыңнан астам педагог тіркелген. Ал 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап платформада аттестаттаудың жаңа қағидалары бойынша пилоттық жоба іске қосылып, аттестаттау үдерісі кезең-кезеңімен толық цифрлық форматқа көшіріледі.
Сонымен қатар педагогтердің әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларын дамытуға арналған ғылыми жобалар, ауылдық мектептерді қолдау, халықаралық серіктестік, жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу және мұғалімдердің кәсіби дамуын сүйемелдейтін Career ORLEU, «Ұстаз», ORLEU BELES платформаларының мүмкіндіктері таныстырылды.
Баяндама соңында Ғалымжан Алматов педагогтердің кәсіби дамуына қолайлы жағдай жасау, заманауи цифрлық шешімдерді енгізу және халықаралық тәжірибені тиімді пайдалану білім беру сапасын арттырудың маңызды тетігі екенін атап өтті.


