+7 (7172) 55 87 82

M

04.08.2026

Қаржылық сауаттылық – болашаққа салынған инвестиция: «Өрлеу» еліміздің педагогтерін оқытуда

Қаржылық сауаттылық бүгінде заманауи адамның ең маңызды дағдыларының біріне айналып отыр. Осыған байланысты «Өрлеу» БАҰО» АҚ ҚР Ұлттық Банкімен бірлесіп, білім алушылардың жеке қаржыға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыра алатын педагогтерді даярлауға бағытталған ауқымды білім беру жобасын жүзеге асыруда.

Жоба 2025 жылы бастау алды. Оның негізін ҚР Оқу-ағарту министрлігі Сараптамалық кеңесінің міндетті сараптамасынан өткен «Қаржылық сауаттылық негіздері» заманауи білім беру бағдарламасы құрайды. Педагогтерге арналған ғылыми негізделген әрі тәжірибеге бағдарланған оқу-әдістемелік кешен әзірленді. Оның құрамына сабақ сценарийлері, кейстер, презентациялар, өзіндік жұмыс тапсырмалары және заманауи цифрлық білім беру ресурстары енгізілген.

Жобаның ерекшелігі – оқытудың мультимедиалық форматы. Бағдарлама аясында педагогтер үшін отбасылық бюджет, несиелеу, инвестиция, зейнетақымен қамсыздандыру, цифрлық активтер, қаржылық қауіпсіздік, дербес деректерді қорғау және алаяқтықтың алдын алу тақырыптарын қамтитын 30 оқыту бейнеролигі әзірленді. Сонымен қатар 5–6 және 7–9 сынып оқушыларына арналған 24 анимациялық бейнеролик дайындалды.

Жоба каскадтық модель бойынша іске асырылады: оқудан өткен педагогтер алған білімдері мен дағдыларын өз шәкірттеріне жеткізеді. Мұндай тәсіл мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттырып қана қоймай, өскелең ұрпақтың жеке қаржыны тиімді басқару, заманауи қаржы құралдарын қауіпсіз пайдалану және саналы қаржылық шешім қабылдау дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Жобаның барлық кезеңіндегі ұйымдастырушылық және әдістемелік сүйемелдеуді «Өрлеу» БАҰО» АҚ-ның Білім беру процесін басқару департаменті өңірлік филиалдармен бірлесіп қамтамасыз етеді. Команда біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыруды үйлестіреді, білім беру процесін сүйемелтейді және қатысушыларға сертификаттардың берілуін қамтамасыз етеді.

Бүгінде бағдарлама «Өрлеудің» барлық филиалдарында жүзеге асырылуда. Осы уақытқа дейін Қазақстанның барлық өңірінен 9 378 педагог «Қаржылық сауаттылық негіздері» бағдарламасы бойынша біліктілігін арттырды. Ең жоғары көрсеткіш Түркістан және Алматы облыстарында тіркелді.

Жоба 2027 жылға дейін іске асырылады. Ал 2026–2027 оқу жылында бағдарлама бойынша орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының тағы 10 000 басшысы мен педагогін оқыту жоспарланып отыр.

«Өрлеу» жобасы – қаржылық сауатты ұрпақ тәрбиелеуге және Қазақстанда жеке қаржыға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға үлес қосып жүрген педагогтердің кәсіби дамуына бағытталған маңызды бастама.