ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Өрлеу» БАҰО» АҚ Басқарма төрағасы Ғалымжан Алматовтың Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары өңірлік Кәсіби даму институтында жалғасты.
Сапар барысында филиалдың материалдық-техникалық базасы, кадрлық әлеуеті, педагогтердің біліктілігін арттыруға жасалған жағдайлар мен негізгі жұмыс нәтижелері таныстырылды.
Филиал директоры Софья Ізмұханбетова институттың қызметі мен жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы баяндады. Биыл мемлекеттік тапсырыс аясында облыстың 2740 педагогін біліктілікті арттыру курстарымен қамту жоспарланған. Қазіргі таңда олардың 63,2%-ы оқудан өтті. «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық конкурсының өңірлік кезеңіне 1300-ден астам педагог авторлық жұмысын ұсынса, «Ұстаз» платформасы арқылы аттестаттаудан өтуге 2813 педагог өтініш берген.
Филиал мамандарының кәсіби дамуына да ерекше мән берілуде. 10 қызметкер AELLCA бағдарламасы бойынша сертификатталып, оның 8-і Британдық Кеңестің пәндік тренері, 2-еуі мастер-тренері атанды. Сонымен қатар «Білім берудегі педагогикалық тәлімгерлік» жобасы жүзеге асырылып, Ресейдің Саратов және Самара қалаларындағы университеттермен бірлескен зерттеулер жүргізілуде.
«Өрлеу» БАҰО» АҚ Басқарма төрағасы Ғалымжан Алматов филиалдың ширек ғасырлық тарихы бар педагогикалық музейінің жұмысымен де танысты. Мұнда Жәңгір мектебінің тарихы, өңірдің ағарту ісіне үлес қосқан педагогтер туралы құнды деректер мен сирек ғылыми-педагогикалық басылымдар жинақталған.
Кездесуде педагогтерді аттестаттау, курстан кейінгі сүйемелдеу және филиал оқытушыларының кәсіби әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды. Басқарма төрағасы «Ұстаз» платформасы арқылы түскен өтініштерді уақытылы әрі мұқият қараудың, аттестаттау үдерісінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ аттестаттауға өтініш қабылдау мерзімі 17 тамызға дейін ұзартылғанын хабарлады.
Алдағы уақытта филиал оқытушыларының білім беру бағдарламаларын өз бетінше әзірлеуіне басымдық беріліп, кәсіби қызметін негізгі тиімділік көрсеткіштері (KPI) арқылы бағалау көзделіп отыр. Сонымен бірге педагогтердің курста алған білімдері мен дағдыларын тәжірибеде тиімді қолдануына мүмкіндік беретін курстан кейінгі қолдау тетіктерін жетілдіру міндеті қойылды.
Өңір ерекшелігіне де назар аударылды. Атап айтқанда, шағын жинақты мектептерге әдістемелік және кәсіби қолдауды күшейту, «Өрлеумен бірге өрле» жобасын педагогтердің нақты қажеттіліктеріне бейімдей отырып дамыту ұсынылды.
Ғалымжан Алматов біліктілікті арттыру курстарының тыңдаушыларымен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Педагогтер заманауи құрал-жабдықтармен және цифрлық технологиялармен қамтылған алдыңғы қатарлы мектептерде, соның ішінде «Келешек мектептері» базасында көшпелі тәжірибелік сабақтарды оқу бағдарламаларына енгізу туралы ұсыныс білдірді.
Жұмыс сапарының қорытындысында филиал инфрақұрылымын жетілдіру, кадрлық әлеуетті нығайту және педагогтерді кәсіби қолдау жүйесін одан әрі дамыту бойынша нақты міндеттер айқындалды.


