ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Ғалымжан Алматов Павлодар облысы бойынша Кәсіби даму институтына жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында филиал қызметінің негізгі бағыттарына талдау жүргізіліп, инфрақұрылымдық жағдайы мен кадрлық әлеуеті зерделенді.
Жұмыс барысында филиалдың материалдық-техникалық базасы, оқу аудиторияларының жабдықталуы, цифрлық білім беру ортасы және педагогтердің біліктілігін арттыруға жасалған жағдайлар қарастырылды. Сонымен қатар білім беру үдерісінің ұйымдастырылуы мен оның заманауи талаптарға сәйкестігіне ерекше назар аударылды.
Кездесу барысында Ғалымжан Бауыржанұлы филиал ұжымымен жүздесіп, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспарлары мен басым бағыттары туралы айтты.
Сонымен қатар Павлодар облысы бойынша Кәсіби даму институтының директоры Бибігүл Нығметова өңірлік филиалдың қызметі, қол жеткізген жетістіктері, өзекті мәселелері мен даму стратегиясы жөнінде баяндады. Ал «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Стратегия және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Асель Рахимбекова филиал қызметін одан әрі дамыту бағыттарына тоқталды.
Сапар барысында филиал қызметіне қатысты әкімшілік және шаруашылық бағыттағы өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.
Жиын қорытындысы бойынша филиал қызметінің сапасы мен тиімділігін арттыру, үздік тәжірибелерді өңірлерде кеңінен енгізу, жергілікті деңгейдегі қолдау жұмыстарын жүйелеу және филиалдың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар басым міндеттер айқындалды.
Атап айтқанда, Басқарма төрағасы Бауыржан Алматов тарапынан профессор-оқытушылар құрамын күшейту, білім беру бағдарламаларын әзірлеушілер қатарына барлық аға оқытушыларды қосу, мемлекеттік тапсырыс бойынша курстарды 100% қамту және ақылы қызметтер бойынша белгіленген жоспарды орындау жөнінде тапсырма берілді.


