«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында Басқарма төрағасы Ғалымжан Алматовтың төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтті.
Алғашқы мәселе бойынша Басқарма Төрағасының стратегиялық даму мәселелері жөніндегі орынбасары Аида Мейірқұлова «Өрлеудің» стратегиялық даму жоспарын таныстырды. Жоспарда ғылыми-зерттеу қызметін күшейту, халықаралық ынтымақтастықты дамыту, ішкі сапаны қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру және халықаралық жобаларды іске асыру бағыттары қамтылды. Сондай-ақ 2026 жылғы біліктілікті арттыру курстарының орындалу барысы қаралып, бүгінгі таңда жоспардың 55 пайызы орындалғаны айтылды.
Ғалымжан Алматов барлық филиалдарға жылдық жоспардың толық орындалуын қамтамасыз етуді, өңірлердің ерекшеліктеріне сәйкес нақты жобалар әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар халықаралық әріптестік нақты нәтижеге бағытталуы тиіс екенін атап өтіп, әр келісімнің педагогтерге қандай практикалық пайда әкелетінін талдап, іс-шаралар жоспарын ұсынуды жүктеді.
Екінші мәселе бойынша Басқарма Төрағасының цифрландыру жөніндегі орынбасары Дәулет Боранғали педагогтердің біліктілігін арттыру туралы электрондық сертификаттардың жаңа форматын таныстырды. Жаңа жүйе QR-код арқылы құжаттың түпнұсқалығын тексеруге, сертификаттарды ақпараттық жүйеде сақтауға және оларды «Ұстаз» ұлттық платформасымен автоматты түрде интеграциялауға мүмкіндік береді.
Бұл мәселеге қатысты Басқарма төрағасы қағаз құжат айналымынан барынша жедел бас тартып, электрондық форматқа көшуді жеделдету қажеттігін айтты. Оның айтуынша, автоматтандыру мен цифрландыру ең алдымен педагогтердің жұмысын жеңілдетуге бағытталуы тиіс.
Оқу-әдістемелік жұмыс департаментінің директоры Сәуле Вильданова 2026 жылғы педагогтерді аттестаттаудың пилоттық жобасына қатысу шарттары туралы баяндама жасады. Жобаға қатысу талаптары, мерзімінен бұрын аттестаттау тетіктері және педагогтердің кәсіби цифрлық профилін бағалау критерийлері түсіндірілді.
Кеңесті қорытындылаған Ғалымжан Алматов филиалдарға аттестаттау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, өңірлердегі көрсеткіштерге тұрақты мониторинг жүргізуді, педагогтерден келіп түсетін сұрақтарды жүйелі талдап, ресми түсіндірмелерді уақытылы жариялап отыруды тапсырды.


