«Өрлеу» БАҰО» АҚ мен «Қазақстан шахмат федерациясы» РҚБ арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Құжатқа «Өрлеу» БАҰО» АҚ Басқарма төрағасы Ғалымжан Алматов пен «Қазақстан шахмат федерациясы» РҚБ Бірінші вице-президенті Дәрмен Садвакасов қол қойды.
Аталған құжат тараптардың өзара іс-қимылының негізгі бағыттарын айқындап, педагогтерге арналған шахмат курстарын ұйымдастыруға қажетті жағдай қалыптастырады.
Меморандум аясында педагогтер, әдіскерлер мен білім беру ұйымдарының басшылары үшін біліктілікті арттыру курстары, семинарлар, тренингтер мен шеберлік сыныптарын бірлесіп өткізу жоспарланған. Сондай-ақ сапалы оқу-әдістемелік және дидактикалық материалдар әзірлеуге, тәжірибе алмасуға және педагогтерді курстан кейін кәсіби сүйемелдеуге ерекше назар аударылады.
«Өрлеу үшін кез келген серіктестіктің басты құндылығы – оның педагогке беретін мүмкіндігі мен білім сапасына қосатын нақты үлесі. Шахмат – баланы ойлануға, бірнеше қадам алға жоспарлауға, шешім қабылдауға және өз әрекетінің нәтижесіне жауапкершілікпен қарауға үйретсе, осы мүмкіндікті балаға дұрыс жеткізетін негізгі тұлға – педагог. Сондықтан біздің міндетіміз – мұғалімге қажетті кәсіби және әдістемелік қолдау көрсету», – деді Ғалымжан Алматов.
Ынтымақтастық нақты жұмыстармен жалғасуда. Қазіргі уақытта тараптардың бірлескен жұмысы нәтижесінде Ақтөбе, Өскемен, Семей, Қызылорда, Ақтау және Шымкент қалаларындағы «Өрлеу» филиалдарында шахмат курстарын ұйымдастыру бойынша дайындық басталды.
Шахмат тақтасындағы әр шешім ой тереңдігін талап етеді. Ал білім кеңістігіндегі ең үлкен жеңіс – өз бетінше ойлайтын, таңдау жасай алатын және жауапкершілік алатын тұлға қалыптастыру.


