+7 (7172) 55 87 82

M

03.09.2026

АТТЕСТАТТАУ: НӘТИЖЕ, ПИЛОТ ЖӘНЕ НАҚТЫ МІНДЕТТЕР

«Өрлеу» БАҰО-да Басқарма төрағасы Ғалымжан Алматовтың төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтті. Жиында педагогтерді аттестаттаудың қазіргі нәтижелері, пилоттық жобаны іске асыру және «Ұстаз» платформасының жаңа мүмкіндіктері талқыланды.

Педагогтерді есепке алу және дамыту жөніндегі департамент директоры Сәуле Вильданова пилоттық жобаның негізгі кезеңдері мен педагогтерді сүйемелдеу шараларына тоқталды.

Пилоттық жоба 2026 жылғы қыркүйек-желтоқсан аралығында өтеді. Педагогтер материалдарын 1 қыркүйектен 14 желтоқсанға дейін жүктей алады, ал өтініштер 20 қыркүйектен 15 желтоқсанға дейін қабылданады. Маңызды жаңалықтың бірі – пилот кезеңінде педагогтің қолданыстағы біліктілік санаты және оған белгіленген қосымша ақы жаңа санат берілгенге немесе расталғанға дейін сақталады.

Сәуле Вильданова қыркүйек айында өңірлерге арналған нұсқаулық хаттар әзірленіп, мобильді топтарға, білім басқармаларының өкілдері мен педагогтерге вебинарлар ұйымдастырылатынын айтты.

Кеңесте аттестаттаудың қазіргі нәтижелері де сараланды. Бұл бағыттағы цифрлық жұмыстар туралы Цифрлық инфрақұрылым мен жүйелерді басқару департаментінің директоры Камила Айткужина баяндады.

Бүгінде қолданыстағы қағидалар бойынша 67 547 өтініш беріліп, аттестаттау комиссиялары 60 842 шешім қабылдаған. Жалпы аяқталу деңгейі – 90,1%. Ғалымжан Алматов бұл бағыттағы жұмыстың созылуына жол бермеуді тапсырды. Аттестаттау шарасын 10 қыркүйекке дейін аяқтау міндеті қойылды. Бұл ретте барлық жұмыс заң талаптарын қатаң сақтай отырып жүргізілуі тиіс.

Басқарма төрағасы өңірлік филиал директорлары педагогтерден түсетін аттестаттауға қатысты сұрақтарға тікелей жауап беруі керектігін де атап өтті. Осы мақсатта филиал басшыларының байланыс нөмірлерін ашық жариялау ұсынылды.

Камила Айткужина пилоттық жобаға байланысты «Ұстаз» платформасында енгізілген жаңа цифрлық мүмкіндіктерді таныстырды. Жүйеде жекелеген көрсеткіштер автоматты түрде есептеліп, онлайн-сабақтарды портфолио мен бақылау парақтарына байланыстыру мүмкіндігі қарастырылған.

Кеңес қорытындысында басты басымдықтар айқындалды: қолданыстағы аттестаттауды толық аяқтау, пилоттық жобаны сапалы іске қосу, «Ұстаз» платформасының жұмысын тұрақты бақылау және ең бастысы – педагогке түсінікті әрі жедел қолдау көрсету.