+7 (7172) 55 87 82

M

26.08.2026

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ: ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫНАН – БІЛІМ БЕРУ ТӘЖІРИБЕСІНЕ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу, педагогтер мен білім алушылардың цифрлық құзыреттерін дамыту жөнінде нақты міндеттер қойды. Осы тапсырмаларды практикалық шешімдермен сабақтастыру мақсатында «Білім берудегі жасанды интеллект: Президент Жарлығынан заманауи білім беру тәжірибесіне дейін» тақырыбында секция отырысы өтті.

Басқосу мемлекеттік органдар, педагогтер, сарапшылар, отандық IT-компаниялар мен білім беру технологияларын әзірлеушілерді бір алаңға жинады.

Секция аясындағы интерактивті көрмеде «ЖИ және педагог», «ЖИ және білім алушы», «Цифрлық білім беру контенті» бағыттары бойынша отандық платформалар мен ЖИ-шешімдер таныстырылды.

«Мемлекеттік саясаттан білім берудің бірыңғай цифрлық экожүйесіне дейін» атты стратегиялық диалогта ЖИ-ді білім беруге қауіпсіз әрі тиімді енгізу мәселелері талқыланды. Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Гиззат Байтурсынов, Оқу-ағарту вице-министрі Сергей Компаниец, Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова жаңа цифрлық дәуірдегі білім, мемлекеттік саясат, адами капитал мен жаңа құзыреттер мәселелеріне тоқталды.

«Өрлеу» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Даулет Боранғали цифрлық трансформацияның келесі қадамы – технологияны жай енгізу емес, деректер мен жасанды интеллект негізінде шешім қабылдауға көшу және педагогтердің AI-құзыреттерін жүйелі дамыту екенін атап өтті.

Практикалық бөлімде отандық IT-компаниялар мен мектеп педагогтері ЖИ-ді білімді диагностикалау, жеке білім беру траекториясын қалыптастыру, цифрлық контентті жетілдіру және мектепті басқаруда қолдану тәжірибелерімен бөлісті.

Президент тапсырмасынан басталған бұл бағыттың басты өлшемі – технологияның өзі емес, оның мұғалімге, оқушыға және білім сапасына беретін нақты нәтижесі.