Қаржылық сауаттылық – болашаққа салынған инвестиция: «Өрлеу» еліміздің педагогтерін оқытуда

Қаржылық сауаттылық бүгінде заманауи адамның ең маңызды дағдыларының біріне айналып отыр. Осыған байланысты «Өрлеу» БАҰО» АҚ ҚР Ұлттық Банкімен бірлесіп, білім алушылардың жеке қаржыға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыра алатын педагогтерді даярлауға бағытталған ауқымды білім беру жобасын жүзеге асыруда.
Жоба 2025 жылы бастау алды. Оның негізін ҚР Оқу-ағарту министрлігі Сараптамалық кеңесінің міндетті сараптамасынан өткен «Қаржылық сауаттылық негіздері» заманауи білім беру бағдарламасы құрайды. Педагогтерге арналған ғылыми негізделген әрі тәжірибеге бағдарланған оқу-әдістемелік кешен әзірленді. Оның құрамына сабақ сценарийлері, кейстер, презентациялар, өзіндік жұмыс тапсырмалары және заманауи цифрлық білім беру ресурстары енгізілген.
Жобаның ерекшелігі – оқытудың мультимедиалық форматы. Бағдарлама аясында педагогтер үшін отбасылық бюджет, несиелеу, инвестиция, зейнетақымен қамсыздандыру, цифрлық активтер, қаржылық қауіпсіздік, дербес деректерді қорғау және алаяқтықтың алдын алу тақырыптарын қамтитын 30 оқыту бейнеролигі әзірленді. Сонымен қатар 5–6 және 7–9 сынып оқушыларына арналған 24 анимациялық бейнеролик дайындалды.
Жоба каскадтық модель бойынша іске асырылады: оқудан өткен педагогтер алған білімдері мен дағдыларын өз шәкірттеріне жеткізеді. Мұндай тәсіл мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттырып қана қоймай, өскелең ұрпақтың жеке қаржыны тиімді басқару, заманауи қаржы құралдарын қауіпсіз пайдалану және саналы қаржылық шешім қабылдау дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жобаның барлық кезеңіндегі ұйымдастырушылық және әдістемелік сүйемелдеуді «Өрлеу» БАҰО» АҚ-ның Білім беру процесін басқару департаменті өңірлік филиалдармен бірлесіп қамтамасыз етеді. Команда біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыруды үйлестіреді, білім беру процесін сүйемелтейді және қатысушыларға сертификаттардың берілуін қамтамасыз етеді.
Бүгінде бағдарлама «Өрлеудің» барлық филиалдарында жүзеге асырылуда. Осы уақытқа дейін Қазақстанның барлық өңірінен 9 378 педагог «Қаржылық сауаттылық негіздері» бағдарламасы бойынша біліктілігін арттырды. Ең жоғары көрсеткіш Түркістан және Алматы облыстарында тіркелді.
Жоба 2027 жылға дейін іске асырылады. Ал 2026–2027 оқу жылында бағдарлама бойынша орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының тағы 10 000 басшысы мен педагогін оқыту жоспарланып отыр.
«Өрлеу» жобасы – қаржылық сауатты ұрпақ тәрбиелеуге және Қазақстанда жеке қаржыға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға үлес қосып жүрген педагогтердің кәсіби дамуына бағытталған маңызды бастама.
Басқа жаңалықтар

ПЕДАГОГТЕРДІ АТТЕСТАТТАУДЫҢ ПИЛОТТЫҚ ЖОБАСЫ ТҮСІНДІРІЛДІ
8 қазан күні жоспарға сәйкес «Өрлеу» БАҰО» АҚ «БҚО бойынша КДИ» филиалы директорының орынбасары К. Байкатованың жетекшілігімен институт базасында біліктілікті арттыру курстарынан өтіп жатқан тыңдаушыларға педагогтерді аттестаттаудың пилоттық жобасын түсіндіруге арналған ақпараттық кездесу өтті. Кездесуге тарих, информатика, география және бастауыш сынып мұғалімдері, орта білім беру ұйымдарының педагогтері, әдіскерлер мен басшы орынбасарлары қатысты. Барлығы 100-ден астам…

«ҰСТАЗ» ПЛАТФОРМАСЫ: ЖАҢАДАН ТАҒАЙЫНДАЛҒАН ЖАУАПТЫ МАМАНДАРҒА АРНАЛҒАН ОНЛАЙН-СЕМИНАР ӨТТІ
Педагогтерді аттестаттаудың пилоттық жобасы аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында Атырау қаласы мен облыс аудандарындағы мектептер мен балабақшалардың жаңадан тағайындалған жауапты мамандарына арналған онлайн-семинар ұйымдастырылды. Семинар барысында пилоттық жоба бойынша педагогтерді аттестаттаудың негізгі талаптары мен кезеңдері, «Ұстаз» платформасында жұмыс істеу тәртібі, портфолионы қалыптастыру және қажетті мәліметтерді енгізу мәселелері жан-жақты түсіндірілді. Ақпараттық-түсіндіру жұмысын «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық…

ПЕДАГОГТЕРДІ АТТЕСТАТТАУДЫҢ ПИЛОТТЫҚ ЖОБАСЫ: ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА
«Өрлеу» БАҰО» АҚ Шымкент қаласы бойынша Кәсіби даму институтында педагогтерді аттестаттаудың пилоттық жобасы аясында ақпараттық-түсіндіру және консультациялық-әдістемелік қолдау жұмыстары жалғасуда. Институтта білім беру ұйымдарының педагогтеріне арналған түсіндірме кездесу өтті. Кездесу барысында ҚР Оқу-ағарту министрінің м.а. 2026 жылғы 5 маусымдағы №159-НҚ бұйрығымен бекітілген талаптар және пилоттық жоба аясындағы аттестаттаудың жаңа тәртібі түсіндірілді. Атап айтқанда, педагогтердің кәсіби…