Өрлеу

ОҚУШЫЛАРДЫҢ ОҚУ САУАТТЫЛЫҒЫН ДАМЫТУДЫҢ ТИІМДІ ЖОЛДАРЫ

ОҚУШЫЛАРДЫҢ ОҚУ САУАТТЫЛЫҒЫН ДАМЫТУДЫҢ ТИІМДІ ЖОЛДАРЫ

Мәтінді оқу – сауаттылықтың бастауы ғана. Ал оқығанын түсіну, ақпаратты саралау, талдау және оны өмірлік жағдаяттарда қолдана білу – бүгінгі білім берудің маңызды міндеттерінің бірі.

Осы бағыттағы өзекті мәселелерді талқылау мақсатында «Өрлеу» филиалы Ақтөбе облысы бойынша Кәсіби даму институтының аға оқытушысы Нұргүл Ермекованың жетекшілігімен «Оқушылардың оқу сауаттылығын дамытудың тиімді жолдары» тақырыбында облыстық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды.

Онлайн форматта өткен кәсіби алаңда оқушылардың оқу сауаттылығын дамытуға арналған тиімді педагогикалық тәжірибелер, инновациялық тәсілдер мен әдістемелік ізденістер ортаға салынды. Конференция пленарлық және секциялық отырыстардан тұрды.

Пленарлық бөлімде кафедра меңгерушісі Болат Бухарбаев STEAM-білім беру, инженерлік ойлау, технологиялық кәсіпкерлік пен жасанды интеллекттің оқу сауаттылығын дамытудағы мүмкіндіктерін қарастырды.

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының тренері, PISA халықаралық зерттеулер бағдарламасының тренері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ақбота Қоңырова PISA зерттеуі аясында оқу сауаттылығының мәні, құрылымдық компоненттері мен қалыптасу деңгейлеріне тоқталды.

Кафедра оқытушылары Гүлнара Абулхайрова тарихи концептілерді пайдалану арқылы оқушылардың оқу сауаттылығын жетілдіру жолдарын ұсынса, Зауре Кашкенова оны қалыптастыруға ықпал ететін психологиялық жағдайларға назар аударды.

Секциялық отырыстарда PISA және PIRLS халықаралық зерттеулері мен МОДО талаптары аясындағы әдіс-тәсілдер талқыланды. Қатысушылар функционалдық оқу, көркем мәтінді талдау, сыни ойлауды дамыту, цифрлық құралдар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану, сондай-ақ Lesson Study және Action Research арқылы педагогикалық тәжірибені зерттеу мәселелерін қарастырды.

Конференция аясында педагогтер өз тәжірибелерімен бөлісіп, оқу сауаттылығын дамытудың тиімді әдістері жөнінде пікір алмасты. Мұндай кәсіби кездесулер педагогикалық ізденістерді жандандырып, озық тәжірибелерді таратуға және білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.

 

Бөлісу

Басқа жаңалықтар

ОҚУШЫЛАРДЫҢ ОҚУ САУАТТЫЛЫҒЫН ДАМЫТУДЫҢ ТИІМДІ ЖОЛДАРЫ — Өрлеу