Өрлеу

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ: БІЛІМ БЕРУДЕГІ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР МЕН НАҚТЫ НӘТИЖЕЛЕР

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ: БІЛІМ БЕРУДЕГІ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР МЕН НАҚТЫ НӘТИЖЕЛЕР

Заманауи білім беру кеңістігінде педагогке жасанды интеллекттің не екенін жай ғана түсіну жеткіліксіз. Нейрожүйелерді тиімді қолдану, деректерді талдау және өз бетінше интеллектуалды шешімдер әзірлеу мұғалімнің негізгі кәсіби құзыреттеріне айналып келеді.

Осы бағыттағы теориялық білім мен нақты тәжірибені ұштастырған «Білім берудегі ЖИ-модельдері» біліктілікті арттыру курсы тыңдаушыларының қорытынды жобаларды сәтті қорғауы – соның айқын дәлелі.

Идеядан дайын технологиялық шешімге дейін

Қорытынды қорғау – оқу нәтижелерін жай ғана жинақтау емес, толыққанды зерттеу жұмысы. Тыңдаушылар өзекті мәселені анықтап, оны шешудің тиімді технологиялық жолын ұсынуы тиіс болды. Машиналық оқыту алгоритмдерін, деректерді талдау әдістерін, болжау модельдерін және заманауи цифрлық құралдарды пайдалана отырып, педагогтер сан алуан тақырыптағы жобаларын таныстырды.

Технологиялар стекі және әзірлеу кезеңдері

Жобалармен жұмыс істеу барысында курс қатысушылары озық құралдармен жұмыс істеу дағдыларын меңгеріп, жетілдірді: Python және Google Colab; Scikit-learn кітапханалары мен Random Forest алгоритмдері; табиғи тілді өңдеу технологиялары (NLP); веб-интерфейстер құруға арналған платформалар (Gradio).

Тыңдаушылар деректерді жинау, тазарту және визуализациялаудан бастап, модельдерді оқыту мен дайын өнімді таныстыруға дейінгі әзірлеудің толық циклінен өтті. Бұл жұмыстардың басты құндылығы – ЖИ технологияларының білім беру саласы мен күнделікті өмірдегі қолданбалы міндеттерді тікелей шешуінде.

Оқудың басты нәтижесі

Қорғау барысында қатысушылар өз зерттеулерін таныстырып қана қоймай, таңдалған алгоритмдерді сауатты негіздеп, жасалған модельдердің практикалық маңыздылығын дәлелдеді. Әрбір жоба шығармашылық ізденістің, инновацияларға деген шынайы қызығушылықтың және цифрлық технологияларды терең деңгейде меңгеруге деген ұмтылыстың көрінісі болды.

Біз үшін курстың басты жетістігі – педагогтердің сапалы өсуі: олар дайын сервистердің қарапайым пайдаланушысы деңгейінен өздері интеллектуалды шешімдер жасаушы деңгейіне көтерілді.

Нағыз кәсіби даму білім – мүмкіндікке, мүмкіндік – тәжірибеге, ал тәжірибе нақты нәтижеге айналғанда ғана жүзеге асады!

 

Аға оқытушы Садыкова Г.

Бөлісу

Басқа жаңалықтар