Өрлеу

АУТИЗМ СПЕКТРІНІҢ БҰЗЫЛЫСТАРЫ: ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚОЛДАУДЫҢ ТИІМДІ ӘДІСТЕРІ

АУТИЗМ СПЕКТРІНІҢ БҰЗЫЛЫСТАРЫ: ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚОЛДАУДЫҢ ТИІМДІ ӘДІСТЕРІ
Қарағанды облысы бойынша «Өрлеу» филиалының біліктілікті арттыру курстарының тыңдаушылары «Аутизм спектрінің бұзылыстары: балалар дамуының ерекшеліктері, қалаусыз мінез-құлықтың себептері және педагогикалық сүйемелдеудің тиімді әдістері» тақырыбындағы практикалық бағдарланған семинарға белсенді қатысты.
Іс-шара Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің базасында өтті. Семинар аясында «Аутизмі бар балаларды қолдау орталығы» КММ және «№1 оңалту орталығы» КММ жетекші мамандары педагогтермен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеудің өзекті тәжірибелері мен тиімді әдістерімен бөлісті.

Семинардың негізгі тақырыптары мен практикалық бағыттары:

✓ Аутизм ерекшеліктерін ерте анықтау және оның негізгі белгілері («қызыл жалаушалар»), сондай-ақ ADOS-2 әдістемесі бойынша стандартталған диагностикалау қағидаттары;

✓ ABC кестесін қолдану арқылы қалаусыз мінез-құлыққа функционалдық талдау жүргізу және мінез-құлыққа әсер ететін триггерлерді анықтау;

✓ Білім беру ортасын ұйымдастыру, құрылымдау және визуалды күн тәртібін қолдану;

✓ Негізгі дағдыларды қалыптастыру: күте білуге, көмек сұраудың қолайлы тәсілдеріне және әлеуметтік тұрғыдан қабылданатын түрде бас тартуға үйрету;

✓ Нақты практикалық жағдайларды талдау және оңалту орталығы жағдайында қолданылатын заманауи сүйемелдеу технологиялары.

Диалог алаңы форматында өткен семинар педагогтерге нақты мінез-құлық жағдайларын талдап қана қоймай, білім беру ұйымдарында инклюзивті орта қалыптастыру мәселелері бойынша сарапшылардан жауап алуға мүмкіндік берді.
Семинар барысында алынған білім мен практикалық алгоритмдер педагогтердің кәсіби қызметінде әрбір бала үшін қолжетімді, жайлы әрі дамытушы білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған тиімді құралға айналады.
Бөлісу

Басқа жаңалықтар