«КІТАП КӨПІРІ»: «ҰШҚАН ҰЯ» – ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ БАСТАУЫ

«КІТАП КӨПІРІ»: «ҰШҚАН ҰЯ» – ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ БАСТАУЫ
Елімізде «Кітап оқитын ұлт» жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 16 мамырдағы «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру мақсатында жүзеге асырылуда. Жобаның негізгі міндеті – қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, азаматтардың зияткерлік әлеуетін арттыру және рухани құндылықтарды дәріптеу.
Осы бағытта «Өрлеу» БАҰО» АҚ Басқарма төрағасы Ғ. Алматовтың бастамасымен филиалдар арасында «Оқу мәдениеті – ұйым мәдениеті» акциясы қолға алынды. Акция аясында қызметкерлердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, оқыған шығармалары бойынша пікір алмасу, әдеби талқылаулар ұйымдастыру және ұжымда ортақ оқу мәдениетін қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Басқарма төрағасының қолдауымен институт кітапханасының қоры жаңа кітаптармен толықтырылып, оқырмандарға әдеби шығармалармен кеңінен танысуға мүмкіндік жасалды.
Бүгін аталған акцияның төртінші отырысы «Кітап көпірі» бірлескен онлайн әдеби сессиясы форматында өтті. Бұл жолы Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстары бойынша Кәсіби даму институттарының ұжымдары қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, даңқты қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасын ортақ талқылауға арқау етті. Онлайн кездесу екі өңірдің оқырмандарын бір әдеби кеңістікте тоғыстырып, кітап арқылы рухани байланыс орнатуға бағытталды.
Кездесу барысында шығарма желісіне арналған бейнематериал көрсетіліп, екі институттың басшылары сөз сөйледі. Одан әрі әріптестер өздерінің шығармадан алған әсерлерімен бөлісіп, кейіпкерлердің болмысы, оқиғалардың тәрбиелік мәні, ұлттық салт-дәстүр, отбасы құндылықтары, ата-әже өнегесі мен ұрпақ сабақтастығы туралы ойларын ортаға салды. Әсіресе, Қызтумас әженің тәрбиесі, Имаш бабаның батасы, Момыш әкенің өнегесі арқылы берілген тәлім-тәрбие мәселелері қатысушылардың назарын аударды. «Ұшқан ұяның» бір адамның балалық шағы туралы естелік қана емес, тұтас бір дәуірдің тұрмыс-тіршілігін, қазақы дүниетаным мен ұлттық тәрбиенің қайнарын танытатын шығарма екені талқыланды.
Әдеби жүздесу викториналық кезеңмен жалғасты. Екі институт ұжымы бір-біріне арнап дайындаған сұрақтар арқылы қатысушылардың шығарманы қаншалықты меңгергені сараланды. Шығарма мазмұнына негізделген тапсырмалар оқырмандардың зейінін, есте сақтау қабілетін және мәтінді терең түсіну дағдыларын сынауға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар Padlet платформасы арқылы кері байланыс ұйымдастырылып, әріптестер «Бір кітап. Екі ұжым. Ортақ тағылым. Бір мақсат!» тақырыбында өз ой-пікірлері мен әсерлерін білдірді. Кездесу соңында Маңғыстау облысы бойынша Кәсіби даму институтының аға оқытушысы Болатбек Толқынбекұлы ақ батасын берді.
«Кітап көпірі» – жай ғана шығарма талқылау алаңы емес, екі ұжым арасындағы рухани байланысты нығайтып, ортақ оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бірлескен әдеби жоба. Оның басты ерекшелігі – кітап оқу үдерісін жеке оқырмандық тәжірибеден ұжымдық талқылау мен тәжірибе алмасу деңгейіне көтеру. Бүгінгі кездесу қатысушыларға бір шығарманың аясында тоғысып, ұлттық құндылықтарды қайта зерделеуге, әріптестермен пікір алмасуға және рухани байланыс орнатуға мүмкіндік берді.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген халық
даналығы «Ұшқан ұя» шығармасының негізгі тағылымын айқындайды. Кітап оқитын
ұжым – ой бөлісетін, ізденетін, рухани тұрғыдан дамитын орта. Сондықтан «Кітап
көпірі» жобасы алдағы уақытта да жалғасын тауып, филиалдар арасындағы
шығармашылық және рухани байланыстың жаңа алаңына айнала бермек.
Басқа жаңалықтар

«КІТАП КӨПІРІ»: «ӨРЛЕУ» ФИЛИАЛДАРЫ «АБАЙ ЖОЛЫ» РОМАН-ЭПОПЕЯСЫН ТАЛҚЫЛАДЫ
Мемлекет басшысының және Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Кітап оқитын ұлт» бастамасы аясында, «Оқу мәдениеті – ұйым мәдениеті» акциясы шеңберінде «Өрлеу» БАҰО» АҚ Жетісу облысы бойынша филиалы мен Алматы қаласы бойынша филиалы ұжымдары арасында «Кітап көпірі» атты онлайн телекөпір өтті.

Ақмола облысы бойынша «Өрлеу» филиалында аға оқытушыларға арналған кәсіби сағат өтті
«Өрлеу» БАҰО» АҚ «Ақмола облысы бойынша кәсіби даму институты» филиалында заманауи оқыту әдістерін меңгеруге және педагогикалық тәжірибе алмасуға арналған кәсіби сағат өтті. Іс-шараға білім беру тәжірибесін жаңартуға және сабақтардың сапасын арттыруға бағытталған аға оқытушылар мен мамандар қатысты.

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ: МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы – Атырау облысы бойынша Кәсіби даму институты «Zerdeli internatonal school Atyrau» мектебімен білім беру саласындағы өзара ынтымақтастықты дамыту мақсатында Меморандумға қол қойды.