Өрлеу

ОҚУ МӘДЕНИЕТІ – ҰЙЫМ МӘДЕНИЕТІ: ҰЖЫМДЫҚ КІТАП ТАЛҚЫЛАУ ӨТТІ

ОҚУ МӘДЕНИЕТІ – ҰЙЫМ МӘДЕНИЕТІ: ҰЖЫМДЫҚ КІТАП ТАЛҚЫЛАУ ӨТТІ
Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Кітап оқитын ұлт» жобасын қолдау аясында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Орталық аппараты мен республика филиалдары бірлесіп «Оқу мәдениеті – ұйым мәдениеті» акциясын бастады.

Аталған бастамаға «Өрлеу» Астана қаласы бойынша Кәсіби даму институтының ұжымы да қосылып, Юваль Ной Хараридің әлемге танымал «Sapiens. Адамзаттың қысқаша тарихы» кітабын бірлесіп оқуды қолға алды.

Акция аясында ұжым мүшелерінің алғашқы кітап талқылау кездесуі ұйымдастырылды. Кездесу барысында әріптестер оқыған бөлімдері бойынша өз ойларымен және әсерлерімен бөлісіп, шығарма мазмұны төңірегінде пікір алмасты.

Юваль Ной Харари бұл еңбегінде адамзаттың пайда болуы мен даму тарихын, өркениеттің қалыптасуын және қоғамдағы түбегейлі өзгерістерді кеңінен қарастырады. Автор адамзат тарихындағы когнитивтік революция, аграрлық революция және ғылыми революция кезеңдеріне тоқталып, олардың бүгінгі қоғамның қалыптасуына ықпалын талдайды.

Сонымен қатар кітапта адамдарды біріктіретін ортақ сенімдер мен түсініктердің, мәдениет пен әлеуметтік институттардың қоғам дамуындағы рөлі сөз болады. Ақша, дін, мемлекет және заң сияқты қоғамдық құбылыстардың адамзат өркениетіндегі орны автордың негізгі зерттеу бағыттарының бірі.

Талқылау барысында кітаптағы тарихи деректер мен автордың тұжырымдарына қатысты түрлі пікірлер айтылып, адамзаттың өткені мен бүгінгі қоғамның дамуы арасындағы байланыстарға назар аударылды.

Бірлескен кітап оқу – ұжым мүшелерінің білім көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, өзара пікір алмасу, ой бөлісу және ортақ құндылықтарды қалыптастырудың маңызды құралы. «Оқу мәдениеті – ұйым мәдениеті» акциясы аясындағы кітап оқу және талқылау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.

Бөлісу

Басқа жаңалықтар

ОҚУ МӘДЕНИЕТІ – ҰЙЫМ МӘДЕНИЕТІ: ҰЖЫМДЫҚ КІТАП ТАЛҚЫЛАУ ӨТТІ — Өрлеу