Өрлеу

«ПАРАСАТ МАЙДАНЫ»: ОЙ ТЕРЕҢДІГІ МЕН ЗЕРДЕ ҰШҚЫРЛЫҒЫ ТОҒЫСҚАН ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ АЛАҢ

«ПАРАСАТ МАЙДАНЫ»: ОЙ ТЕРЕҢДІГІ МЕН ЗЕРДЕ ҰШҚЫРЛЫҒЫ ТОҒЫСҚАН ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ АЛАҢ

«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы – Атырау облысы бойынша Кәсіби даму институтында «Оқу мәдениеті – ұйым мәдениеті» акциясының үшінші ұжымдық кітап оқу сессиясы өтті.

Бұл жолғы кездесу ерекше форматта ұйымдастырылып, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» шығармасы негізінде ұжым қызметкерлері арасында интеллектуалдық квиз өткізілді.

Зияткерлік сайыс барысында командалар шығарма мазмұны, кейіпкерлердің дүниетанымы, автор көтерген философиялық мәселелер мен туындының негізгі идеясы бойынша білімдерін сарапқа салды. Қатысушылар әдеби білімдерін ғана емес, логикалық ойлау, талдау, пайымдау және командалық шешім қабылдау қабілеттерін де көрсетті.

Адам болмысы, жақсылық пен жамандықтың мәңгілік тартысы, ар-ождан мен адамгершілік құндылықтары арқау болған шығарма әр қатысушыны терең ойға жетелеп, тың пікірлер мен мазмұнды талқылауға жол ашты.

Кездесудің басты ерекшелігі – көркем шығарманы оқумен шектелмей, оның мазмұнын терең зерделеу, командалық ойын арқылы ортақ шешім қабылдау. Мұндай формат оқырмандық белсенділікті арттырып қана қоймай, ұжымдағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.

Оқу – рухани дамудың, парасатты ойлаудың және кәсіби өсудің маңызды негізі.«Оқу мәдениеті – ұйым мәдениеті» акциясы алдағы уақытта да жалғасын тауып, кітап оқуды ұжымның рухани мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналдыруға бағытталады. 

Бөлісу

Басқа жаңалықтар