Педагогтерді қолдау және курстарды дамыту – «Өрлеу» орталығындағы кеңестің негізгі тақырыптары

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Басқарма төрағасы Ғалымжан Алматов өңірлік филиалдар басшыларымен аппараттық кеңес өткізді. Кеңес барысында педагогтерге арналған білім беру курстарын ұйымдастыруға қатысты өзекті мәселелер қарастырылды.
Кеңеске қатысушылар алда өтетін республикалық бірыңғай семинар-тренингке дайындыққа ерекше назар аударды. Бұл шара «Адал азамат» тұжырымдамасы арқылы Қазақстан Республикасы Конституциясының негізгі құндылықтарын түсіндіруге бағытталған. Іс-шараның мақсаты – Конституциядағы негізгі қағидаларды оқу үдерісіне енгізу, сондай-ақ оларды жауапты азамат тәрбиелеу және адам капиталын дамыту бағыттарымен байланыстыру.
Оқу-әдістемелік жұмыс департаментінің директоры Сәуле Вильданова баяндама жасап, «Қаржылық сауаттылық негіздері» курсын аяқтаған педагогтерді курстан кейінгі сүйемелдеу жұмыстары бойынша жан-жақты талдау ұсынды. Сонымен қатар, «Өрлеу» орталығының Алматы және Шымкент қалаларындағы филиал басшылары ағымдағы қызмет пен алдағы міндеттер туралы ақпарат берді.
Басқарма төрағасы білім беру бастамаларын жүзеге асыруда мерзімдердің сақталуы мен тиімділігін қамтамасыз етудің маңыздылығына ерекше назар аударды. Кеңес қорытындысы бойынша өңірлік филиал басшыларына тапсырмаларды сапалы орындауға бағытталған нақты міндеттер жүктелді.

Басқа жаңалықтар

«Жаһандық өзгерістер жағдайындағы педагогикалық тәжірибенің трансформациясы» халықаралық конференциясы
2026 жылғы 25 қарашада «Өрлеу» БАҰО» АҚ Ақмола облысы бойынша филиалының ұйымдастыруымен Zoom платформасында халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференция өтті. Шараға 5 елден — Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Түрікменстан және Ресейден (соның ішінде Алтай Республикасы мен Саха (Якутия) Республикасы) 70-тен астам педагог, зерттеуші мен спикер қатысты.

БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ФУНКЦИОНАЛДЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ: ПРАКТИКАЛЫҚ ТӘСІЛДЕР
26 қараша күні «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Батыс Қазақстан облысы бойынша Кәсіби даму институты филиалының ұйымдастыруымен «Зерттеу нәтижелерінен тәжірибеге: бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығын қалыптастыруға арналған тапсырмалар құрастыру» тақырыбында онлайн-практикум өтті. Кәсіби іс-шараға Орал қаласы мен облыс аудандарынан 50 бастауыш сынып мұғалімі қатысты. Практикумға кафедраның аға оқытушысы Ж.Т. Узахова жетекшілік етті.
