КӘСІБИ БАҒДАР БЕРУ КЕЗДЕСУІ: БОЛАШАҚ ҮШІН МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Астана қаласы бойынша филиалында педагогтерге арналған кәсіби бағдар беру бағытындағы мазмұнды кездесу өтті. Кездесудің спикері «Mansap Development» кәсіби бағдар беру орталығының жетекшісі Ботагөз Омарова.
Кездесудің негізгі мақсаты педагогтердің кәсіби бағдар беру бағытындағы құзыреттілігін арттыру, оқушылардың жеке қабілеттері мен қызығушылықтарын анықтау жолдарын зерделеу, сондай-ақ жасөспірімдердің болашақ мамандығын саналы таңдауына қолдау көрсету бойынша тәжірибе алмасу.
Ботагөз Омарова кәсіби бағдар беру саласындағы көпжылдық тәжірибесіне сүйене отырып, оқушылардың бойындағы әлеуетті ашу, олардың қызығушылығы мен бейімділігін анықтау және кәсіби дамуына дұрыс бағыт-бағдар беру мәселелеріне кеңінен тоқталды.
Кездесу барысында оқушының мотивациясын арттыру мәселесі ерекше назарға алынды. Спикер баланың болашаққа деген қызығушылығын қалыптастыруда оның жеке ерекшеліктерін ескеру өте маңызды деп санайды. Әрбір оқушының өзіндік қабілеті, қызығушылығы мен даму қарқыны бар. Сондықтан кәсіби бағдар беру барысында балаларды бір-бірімен салыстырғаннан, олардың жеке мүмкіндіктерін анықтап, өз арманын жүзеге асыруына жағдай жасау маңызды. Бұл ретте педагогтің міндеті оқушыға дайын шешім ұсыну емес, оның өз қызығушылығын танып, болашақтағы мүмкіндіктерін бағамдауына көмектесу. Баланың белгілі бір пәнге, іс-әрекетке немесе шығармашылық бағытқа деген қызығушылығы оның болашақ кәсіби таңдауының алғашқы белгісі болуы мүмкін.
Білім алушыға мамандықтар туралы ақпарат ұсыну кезінде тек кәсіптің атауы мен беделіне ғана емес, оның мазмұнына, қажетті дағдыларына, білім алу жолдарына және кәсіби даму мүмкіндіктеріне назар аудару қажеттігі айтылды. Мамандық туралы жан-жақты ақпарат алған оқушы өз қызығушылығы мен қабілетін салыстырып, саналы шешім қабылдауға мүмкіндік алады.
Кәсіби бағдар беру жұмысында ата-аналармен өзара әрекеттестік орнату да маңызды мәселелердің бірі ретінде қарастырылды. Ата-ана – баланың тұлғалық және кәсіби қалыптасуына ықпал ететін негізгі тұлғалардың бірі. Дегенмен, кей жағдайда ата-ананың өз тәжірибесіне, көзқарасына немесе белгілі бір мамандыққа деген қызығушылығына байланысты баланың кәсіби таңдауына ықпал етуі мүмкін. Осыған байланысты спикер ата-аналармен жүйелі жұмыс жүргізудің, оларға кәсіби бағдар берудің мәнін түсіндірудің және баланың жеке қызығушылықтарын ескеруге бағытталған ұсыныстар берудің маңыздылығына тоқталды.
Педагогтер мен ата-аналар арасындағы тиімді байланыс оқушының болашақ мамандығын таңдауына оң ықпал етеді. Бұл ретте ата-аналарға баланың қызығушылығын түсінуге көмектесу, оның қабілеттерін дамытуға жағдай жасау және кәсіби таңдауына қатысты сұрақтарға бірлесе жауап іздеу маңызды.
Саналы таңдау – табысты болашақтың бастауы.
Басқа жаңалықтар

Білім берудегі инновациялар: «Өрлеу» Ақмола филиалында конференция өтті
Ақмола облысы бойынша «Өрлеу» біліктілікті арттыру институтында «Жаңашыл мектеп: білім сапасы, инновациялар және педагогикалық тәжірибелер» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференция өтті.

БІЛІМ БЕРУ ҮДЕРІСІНДЕ БІРТҰТАС ТӘРБИЕ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН ІСКЕ АСЫРУ
«Өрлеу» БАҰО» АҚ Қарағанды облысы бойынша филиалында «Білім беру процесінде біртұтас тәрбие құндылықтарын іске асыру» тақырыбында педагогтердің біліктілігін арттыру курсы жалғасуда.

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ПЕН ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ҮНДЕСТІГІ: КӨРКЕМ ЕҢБЕК ПӘНІН ОҚЫТУДЫҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ
Бүгінде жасанды интеллект – білім алушының шығармашылық әлеуетін ашуға, тың идеяларын жүзеге асыруға және оқу үдерісін жаңа мазмұнмен толықтыруға мүмкіндік беретін заманауи құрал. Әсіресе, шығармашылық пен практикалық әрекетке негізделген көркем еңбек пәнінде оның мүмкіндігі мол.