
Алматы қаласында «Педагогикалық идеялар панорамасы-2026» республикалық конкурсының өңірлік кезеңінде үздік нәтиже көрсетіп, 1-орын иеленген педагогтерді марапаттау рәсімі өтті.
«Педагогикалық идеялар панорамасы» – педагогтердің кәсіби шығармашылығын қолдауға, озық тәжірибелерін кеңінен таратуға, білім беру үдерісіне инновациялық әдістер мен тиімді педагогикалық идеяларды енгізуге бағытталған республикалық байқау. Конкурс мұғалімдердің өз тәжірибесін саралап, заманауи білім беру талаптарына сай тың жобалар мен әдістемелік шешімдерді ұсынуына мүмкіндік береді.
Биылғы өңірлік кезеңде Алматы қаласының педагогтері білім алушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға бағытталған жеті негізгі бағыт бойынша өзара бақ сынады. Қатысушылар әр бағыт бойынша өздерінің авторлық идеяларын, педагогикалық тәжірибелерін және оқу үдерісінде қолданатын тиімді әдіс-тәсілдерін таныстырды.
Конкурстың қорытындысы бойынша Алматы қаласының жеті педагогі өз бағыттары бойынша жоғары нәтиже көрсетіп, 1-орын иегері атанды.
Жеңімпаздар:
Экологиялық сауаттылық бағыты бойынша
Тасибек Меруерт Есембекқызы – №198 мектеп-гимназиясының педагогі.
Оқу сауаттылығы бағыты бойынша
Шолпанкулова Бахыт Сагибовна – «Lakeview School Almaty» мектебінің педагогі.
Цифрлық сауаттылық бағыты бойынша
Дәуренова Бақыт Дәуренқызы – «Orken Education» мектебі ЖШС-нің педагогі.
Қаржылық сауаттылық бағыты бойынша
Пернебекова Айғаным Бақытбекқызы – №203 жалпы білім беретін мектебінің педагогі.
Мәдениетаралық сауаттылық бағыты бойынша
Чайзаданова Айнагул Сейткалиевна – №177 мектеп-гимназиясының педагогі.
Математикалық сауаттылық бағыты бойынша
Сапар Гүлмарал Бекжанқызы – №211 мектеп-гимназиясының педагогі.
Жаратылыстану-ғылыми сауаттылық бағыты бойынша
Байшыкова Жулдыз Асетовна – №177 мектеп-гимназиясының педагогі.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімін «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Алматы қаласы бойынша Кәсіби даму институты филиалының директоры Галимжанова Маржан Анесовна өткізді.
Марапаттау барысында Маржан Анесовна педагогтерді айтулы жетістіктерімен құттықтап, олардың кәсіби ізденісі мен шығармашылық бастамаларының маңыздылығын атап өтті. Білім беру саласындағы заманауи өзгерістер жағдайында мұғалімнің кәсіби дамуы, жаңа әдістерді меңгеруі және педагогикалық тәжірибеге тиімді инновацияларды енгізуі – білім сапасын арттырудың маңызды факторларының бірі екеніне тоқталды.
Сонымен қатар филиал директоры жеңімпаздардың байқау барысында көрсеткен белсенділігі мен ізденісін жоғары бағалап, олардың озық тәжірибесі әріптестер арасында кеңінен насихатталып, білім беру үдерісінде тиімді қолданылатынына сенім білдірді.
«Педагогикалық идеялар панорамасы» байқауы педагогтердің өз тәжірибесін жаңа қырынан танытуына, кәсіби шеберлігін шыңдауына және әріптестерімен тәжірибе алмасуына жол ашады. Әсіресе экологиялық, оқу, цифрлық, қаржылық, мәдениетаралық, математикалық және жаратылыстану-ғылыми сауаттылық бағыттарының қамтылуы қазіргі білім беру жүйесінде білім алушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастырудың өзектілігін көрсетеді.
Алматы қаласы бойынша 1-орын иегерлерінің барлығы республикалық конкурс кезеңіне жолдама алды. Ендігі кезекте жеңімпаздар өздерінің үздік педагогикалық идеялары мен тәжірибелерін республикалық деңгейде таныстыратын болады.
Бұл жетістік – ұстаздардың кәсіби білімі мен тәжірибесінің, шығармашылық ізденісінің және білім алушылардың сапалы білім алуына бағытталған еңбегінің нәтижесі.
Алматы қаласының үздік педагогтерін жеңістерімен құттықтаймыз! Республикалық кезеңде сәттілік тілеп, жаңа белестерді бағындыруларына және педагогикалық идеяларының кеңінен таралуына тілектеспіз!

