«Өрлеу» БАҰО» АҚ Басқарма төрағасы Ғалымжан Алматов жұмыс сапарымен Атырау облысы бойынша Кәсіби даму институтында болып, филиалдың бірінші жартыжылдықтағы жұмыс қорытындыларымен және алдағы даму бағыттарымен танысты.
Кездесу барысында филиал директоры Маржан Ғалымжанова институттың қызмет нәтижелері, өңірлік ерекшеліктері туралы баяндады. Қызметкерлермен және тренерлермен ашық пікір алмасу өтіп, педагогтердің кәсіби дамуын жетілдіру мәселелері талқыланды.
Мемлекеттік тапсырыс аясында аймақтың 2167 педагогін біліктілікті арттыру курстарымен қамту жоспарланса, қазіргі таңда оның 54 % -ы оқуын аяқтаған. Сондай-ақ «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық конкурсының өңірлік кезеңіне 500-ге жуық педагог өздерінің авторлық жұмыстарын ұсынса, «Ұстаз» платформасы арқылы аттестаттау бойынша өңір педагогтерінің 80,5% – ы өтініш берген.
Ғалымжан Алматов алдағы уақытта «Ұстаз» ұлттық платформасының мүмкіндіктерін кеңейту жоспарланып отырғанын айтты. Мәселен, платформаны Ұлттық білім беру деректер қорымен (ҰБДҚ) және HR жүйесімен интеграциялау, сондай-ақ педагогтер күнделікті жұмысында басшылыққа алатын 40-тан астам нормативтік құқықтық актіні бір жүйеге енгізу көзделуде. Бұл педагогтердің қажетті ақпаратқа жедел қол жеткізуіне және жұмыс үдерісін цифрландыруға мүмкіндік бермек.
Курстан кейінгі сүйемелдеу жұмыстарының тиімділігін арттыру мәселесі де маңызды. Бұл бағытты болашақта платформаға енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатқаны айтылып, филиалдарға курстан кейінгі әдістемелік қолдауды күшейту тапсырылды.
Сонымен қатар «Ұстаз» платформасы арқылы педагогтердің өтініштерін қарау мәселесі де көтерілді. Басқарма төрағасы өңірлік аттестаттау комиссиялары өтініштерді уақытылы қарап, шешім қабылдау жұмыстарын созбалаңға салмауы керектігін қатаң ескертті. Ол әрбір өтініштің белгіленген мерзімде қаралуын қамтамасыз етуді, комиссиялардың жауапкершілігін арттыруды және педагогтерге көрсетілетін әдістемелік әрі техникалық қолдауды күшейтуді тапсырды.
Кездесу барысында профессор-оқытушылар құрамы институттың материалдық-техникалық базасын жаңарту мәселесін де көтерді. Өз кезегінде Басқарма төрағасы оқу процесіне қажетті инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңғырту жалғасатынын айтып, білім беру ортасының заманауи талаптарға толық сәйкес келуі басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.
Ғалымжан Алматовтың айтуынша, «Өрлеу» ұлттық орталығының біліктілікті арттыру курстарының сапасын арттыру бағытындағы әлеуеті жоғары. Филиалдардың кең желісі, тәжірибелі профессор-оқытушылар құрамы және материалдық-техникалық базасы бар болғанымен, республикадағы педагогтердің басым бөлігін әлі де басқа провайдерлер оқытып келеді.
Сондай-ақ филиалдардың профессор-оқытушылар құрамына білім беру бағдарламаларын өз бетінше әзірлеу міндеті жүктелетіні айтылды. Ғалымжан Алматов бұдан былай профессор-оқытушылар құрамының жұмысы негізгі тиімділік көрсеткіштері (KPI) арқылы бағаланатынын атап өтті.
Кеңес барысында Атырау облысы бойынша Кәсіби даму институтының өңірде жүзеге асырып жатқан «Кәсіпке бастар жол: саналы таңдау – сәтті болашаққа қадам» жобасының нәтижелері таныстырылды. Жоба Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті жанындағы дарынды ер балаларға арналған «Ұстаз» мектеп-лицей-интернатының 10–11 сынып оқушыларына кәсіби бағдар беруге бағытталған.
Осы тәжірибеге оң баға берген Ғалымжан Алматов Атырау облысының Білім басқармасымен бірлесіп, аймақтың ерекшеліктері мен педагогтердің нақты қажеттіліктерін ескеретін кәсіби даму жөніндегі кешенді өңірлік жобаның тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды.


