+7 (7172) 55 87 82

M

25.08.2026

«ӨРЛЕУДІҢ» ДАМУ ВЕКТОРЫ: СЕРІКТЕСТІКТЕН – ЖҮЙЕЛІК НӘТИЖЕГЕ

Стратегиялық сессияның екінші бөлімі серіктестіктен – нақты іске, жаңа бастамалардан – жүйелі нәтижеге бастайтын ортақ шешімдерді айқындауға арналды.
Жиынды ашып, модераторлық еткен «Өрлеу» БАҰО Басқарма төрағасы Ғалымжан Алматов Орталықтың алдағы стратегиялық басымдықтарына тоқталып, көшбасшылық, кәсіби әлеует пен нәтижелілікке негізделген міндеттерді белгіледі.
«Бүгін біз педагогтің кәсіби жолын бірге құратын жүйеге көшуіміз қажет. «Өрлеу» тек білім беретін орталық емес, білім сапасындағы өзгерістің көшбасшысы болуы тиіс», – деді Ғалымжан Алматов.
Стратегиялық диалог мемлекеттік органдар, ғылыми және білім беру ұйымдары, халықаралық институттар мен кәсіби қауымдастықтар өкілдерінің пікір алмасуымен жалғасты.
Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Мемлекет тарихы институтының директоры Нұрбек Пұсырманов Жаңа Конституцияны ел дамуының жаңа кезеңіндегі басты бағдар ретінде атап өтті. Оның айтуынша, білім беру жүйесі де қоғамдағы өзгерістерге сай жаңғырып, адами капиталдың сапасын арттыруға қызмет етуі тиіс. Осы тұрғыда ол «Өрлеудің» стратегиялық даму бағытын елдің жаңғыру үдерісімен сабақтастырып, конституциялық құндылықтарды педагогтің кәсіби дамуы мен білім сапасына нақты ықпал ететін жүйелі іске айналдырудың маңызын атап өтті.
Оқу-ағарту министрлігінің өкілі Асыл Түймебаев Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясындағы білім сапасы мен педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру міндеттерін ортаға салса, Ұлттық білім академиясының өкілі Пернегүл Таубай 2026–2027 оқу жылындағы білім мазмұнының негізгі өзгерістерін таныстырды.
Сессияда отандық тәжірибемен қатар халықаралық тәсілдерге де ерекше назар аударылды. Британдық Кеңестің халықаралық консультанты Саймон Борг пен ұлттық консультант Нұрсұлу Сулейманова, БҰҰ Даму бағдарламасының өкілдері Меруерт Сәрсембаева мен Ақмарал Ағажаева педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуын мектеп тәжірибесімен ұштастыру және оның нақты нәтижесін бағалау жөніндегі тәжірибелерімен бөлісті.
Ал Айжан Рысмамбетова мен Нұрлыбай Наурызбаев Қазақстан Шахмат Федерациясы мен «Өрлеу» арасындағы серіктестіктің жаңа мүмкіндіктерін таныстырып, шахмат педагогтерін даярлау мен олардың кәсіби құзыреттерін дамыту бағытындағы бірлескен жұмыстың әлеуетіне тоқталды.
Сессияның маңызды қадамдарының бірі – «Өрлеу» БАҰО мен Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы болды.
Кітапхана директорының орынбасары Нұржан Нұрланұлы жаңа серіктестіктің Мемлекет басшысы айқындаған адами капиталды дамыту, зияткер ұлт қалыптастыру және кітап оқу мәдениетін ілгерілету міндеттерімен үндесетінін атап өтті.
Бұл ретте Ғалымжан Алматов серіктестіктің басты өлшемі нақты нәтиже екенін жеткізді: «Меморандумның мәні қол қойылған құжатпен өлшенбейді. Оның құны – ертең педагогке, мектепке, балаға жететін нақты нәтижеде. Сондықтан әр серіктестік жаңа мүмкіндікке, ал әр мүмкіндік нақты өзгеріске айналуы тиіс».
 Педагогтің үздіксіз кәсіби дамуын қолдау, серіктестік әлеуетін нақты іске айналдыру және білім сапасына ықпал ету – «Өрлеудің» алдағы даму векторының негізгі өзегіне айналмақ.