Өрлеу

«Өрлеу» және Психологиялық қолдау орталығы: PISA бойынша семинар

«Өрлеу» және Психологиялық қолдау орталығы: PISA бойынша семинар
4 қарашада СҚО «Өрлеу» филиалы Психологиялық қолдау орталығымен бірлесіп, «PISA халықаралық зерттеуі аясында білім алушыларды психологиялық сүйемелдеудің практикалық тәсілдері» тақырыбында облыстық семинар өткізді. Семинарға Солтүстік Қазақстан облысының барлық аудандары мен Петропавл қаласынан 62 педагог-психолог қатысты. Кездесудің негізгі назарында оқушылардың бағалау рәсімдеріне психологиялық дайындығы, эмоционалдық тұрақтылығын, өз күшіне деген сенімділігін, оқу мотивациясын және өзін-өзі реттеу дағдыларын дамыту мәселелері болды.
Жалпы отырыстан кейін жұмыс үш топтағы тақырыптық шеберлік сабақтары форматында жалғасты. «Миронов орта мектебі» КММ педагог-психологы Светлана Кузичкина эмоционалдық тұрақтылық пен өзін-өзі реттеуді дамыту тәжірибелерімен бөлісті. «№ 7 орта мектеп» КММ педагог-психологы Ирина Гусева өзіне деген сенімділікті қалыптастыру және қателесуден қорқу сезімін жеңу жолдарын таныстырды. Ал «Психологиялық қолдау орталығы» КММ психологы, Аққайың ауданына бекітілген әдістемелік жұмыс бөлімінің әдіскері Татьяна Галямина оқу мотивациясын арттыру және PISA зерттеуіне психологиялық дайындықты қалыптастыру тәсілдерін ұсынды. Қатысушылар практикалық жағдаяттарды талдап, білім алушыларды психологиялық қолдаудың тиімді құралдарын меңгерді.
Семинардың негізгі түйіні – PISA зерттеуіне дайындық тек білім деңгейімен шектелмейді, оқушының психологиялық саулығы да маңызды рөл атқарады. Толқуды жеңе білу, бағалау рәсімдеріне сабырмен қарау және қателесуден қорықпау оқушының өз мүмкіндіктерін толық ашуына көмектеседі. Семинар барысында алынған идеялар мен практикалық құралдар педагогтердің күнделікті жұмысында қолданылып, білім алушыларға жеке қажеттіліктеріне сай әрі тиімді психологиялық қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Бөлісу

Басқа жаңалықтар