Өрлеу

«ӨРЛЕУДЕ» ТӨРТ КҮНДІК КӘСІБИ ДАМУ АПТАЛЫҒЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

«ӨРЛЕУДЕ» ТӨРТ КҮНДІК КӘСІБИ ДАМУ АПТАЛЫҒЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

5 қараша күні «Өрлеу» БАҰО» АҚ «Батыс Қазақстан облысы бойынша Кәсіби даму институты» филиалында «Тәжірибеге негізделген оқыту: педагогтердің кәсіби дамуындағы тренердің рөлі» тақырыбындағы төрт күндік оқыту қорытындыланды.

Кәсіби даму апталығының соңғы күні педагогтердің біліктілігін арттыру курстарының оқытушыларына арналған «Оқу материалын ұсыну тәсілдері және тренингтік үдерісті ұйымдастыру» тақырыбында тәжірибелік семинар өткізілді.

Семинарды British Council-дың AELLCA (Accelerating English Language Learning in Central Asia) халықаралық білім беру бағдарламасы аясында интенсивті оқудан өткен филиалдың қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы кафедра меңгерушісі С.Қ. Әбитова жүргізді.

Іс-шараның мақсаты – тренерлердің оқу материалын тиімді ұсыну, нақты әрі түсінікті нұсқаулық беру, қатысушылардың белсенділігін арттыру және оқу мақсаттарына сәйкес оқыту әдістерін таңдау бойынша кәсіби құзыреттерін жетілдіру.

Семинар барысында Иэн Макграттың (Ian McGrath, 1997) оқыту үдерісін ұйымдастыруға негізделген төрт тәсілі қарастырылды. Атап айтқанда, Feeding – білім мен ақпаратты ұсыну, Leading – қатысушыларды бағыттау және білімді бірлесіп құрастыру, Showing – әрекетті көрсету және үлгілеу, Throwing – дербес әрекет пен тәжірибе арқылы үйренуге мүмкіндік беру тәсілдерінің ерекшеліктері талданды.

Теориялық бөлім практикалық тапсырмалармен ұштастырылды. Қатысушылар «Running Dictation», «Four Corners», World Café әдістері, жағдаяттық тапсырмалар мен рефлексиялық жұмыстар арқылы тренингтік үдерісті ұйымдастырудың тиімді жолдарын зерделеді. Әр әдістің ерекшеліктерін талдап, оларды нақты оқу мақсаттарына сәйкес қолдану мүмкіндіктерін қарастырды.

Тәжірибелік жұмыстар барысында аға оқытушылар мен тренерлер оқу тапсырмаларына нақты әрі түсінікті нұсқаулық берудің маңызын талқылады. Сонымен қатар қатысушылардың жұмысын ұйымдастыру, оқу әрекетін тиімді басқару және оқыту әдістерін мақсатты түрде таңдау бойынша өзара тәжірибе алмасты.

Төрт күндік оқыту барысында филиалдың аға оқытушылары тренердің кәсіби рөлі, тәжірибеге негізделген оқыту, рефлексиялық модельдерді қолдану, тиімді оқыту әдістерін таңдау және тренингтік үдерісті ұйымдастыру бағыттары бойынша білімдерін тереңдетіп, практикалық дағдыларын жетілдірді.

Кәсіби даму апталығы оқыту сапасының қолданылатын әдістердің көптігіне емес, олардың оқу мақсаттарына, қатысушылардың қажеттіліктері мен кәсіби тәжірибесіне сәйкестігіне байланысты екенін айқындады.

Аталған оқыту филиал мамандарының кәсіби құзыреттерін дамытуға, тәжірибе алмасуына және педагогтердің біліктілігін арттыру курстарында тиімді оқыту тәсілдерін қолдану мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталды.

Бөлісу

Басқа жаңалықтар

«ӨРЛЕУДЕ» ТӨРТ КҮНДІК КӘСІБИ ДАМУ АПТАЛЫҒЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ — Өрлеу