Өрлеу

БОЛАШАҚҚА БАҒДАР: МАМАНДЫҚ ТАҢДАУДЫҢ МАҢЫЗЫ

БОЛАШАҚҚА БАҒДАР: МАМАНДЫҚ ТАҢДАУДЫҢ МАҢЫЗЫ
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Астана филиалында педагогтерге арналған семинар өтті. Кездесуде оқушылардың болашақ мамандығын саналы таңдауына қолдау көрсету және кәсіби бағдар берудің заманауи тәсілдері талқыланды.

Семинар спикері, педагог-профориентолог, грант аналитигі, филолог, PhD докторант Измахан Толқын қазіргі еңбек нарығындағы өзгерістер, жаңа мамандықтар және оқушылардың қабілетін анықтау жолдары туралы тәжірибесімен бөлісті.

Еңбек нарығы өзгеруде: оқушыны болашаққа қалай дайындаймыз?

Кездесу барысында қазіргі еңбек нарығында аналитикалық және сыни ойлау, креативтілік, технологиялық сауаттылық, коммуникация және үздіксіз білім алу қабілеттерінің маңыздылығы атап өтілді. Спикердің айтуынша, бүгінгі білім беру жүйесінің міндеті – оқушыны белгілі бір мамандыққа ғана емес, өзгерістерге бейімделуге үйрету. Сондай-ақ жасанды интеллект дәуірінде адамның эмпатия, жүйелі ойлау, шығармашылық және белгісіз жағдайда шешім қабылдау секілді қабілеттерін дамыту қажеттілігі сөз болды.

Семинарда оқушының мамандық таңдауына оның қызығушылығы мен жеке қабілеттерін ескерудің маңыздылығы кеңінен қарастырылды. Семинар спикері оқушының таңдауына тек мектептегі бағасы, ата-анасының пікірі немесе қоғамдағы беделді мамандықтар туралы түсінік әсер етпеуі керектігін жеткізді. Осы бағытта оқушылардың өзін-өзі тануына көмектесетін MBTI және «Икигай» құралдары таныстырылды. Бұл тәсілдер оқушының қызығушылықтарын, қабілеттерін және болашақ мүмкіндіктерін анықтауға көмектеседі.

Сонымен қатар кездесуде кәсіби бағдар беру жұмысын ерте жастан бастаудың маңыздылығы айтылды. Оқушыларды мамандықтармен таныстыру, кәсіби тесттер өткізу, мамандармен кездесулер ұйымдастыру және тәжірибелік жобаларға қатыстыру – саналы таңдау қалыптастырудың маңызды қадамдары.

Бөлісу

Басқа жаңалықтар

БОЛАШАҚҚА БАҒДАР: МАМАНДЫҚ ТАҢДАУДЫҢ МАҢЫЗЫ — Өрлеу