80 САҒАТТЫҚ КУРСТАН КЕЙІН НЕ БОЛАДЫ? ПЕДАГОГТІ КӘСІБИ ҚОЛДАУДЫҢ ҮШ НЕГІЗГІ ТІРЕГІ

Жетісу облыстық «Өрлеу» БАҰО филиалында «Педагогикалық шеберлік» кәсіби
даму апталығы аясында қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы кафедра меңгерушісі, аға
оқытушы Жанбота Болатханованың ұйымдастыруымен оқытушылар құрамына арналған
«Курстан кейінгі қолдау: тәлімгерлік, тәжірибе алмасу және педагогикалық
рефлексия» тақырыбында семинар өтті.
Семинардың негізгі өзегі – біліктілікті арттыру курстарын аяқтағаннан кейін
педагогтің кәсіби дамуы қалай жалғасады және оған қандай қолдау көрсетіледі
деген маңызды сұрақтарға жауап беру болды.
Жанбота Болатханова қатысушыларға курстан кейінгі қолдаудың маңыздылығын
түсіндіріп, тақырып аясындағы бірқатар ғылыми зерттеулермен таныстырды. Оның
айтуынша, 80 сағаттық оқу курсының аяқталуы педагогтің кәсіби даму жолының соңы
емес, керісінше, алған білімін тәжірибеде жүзеге асырудың жаңа кезеңі болып
табылады.
Семинар барысында курстан кейінгі қолдаудың үш негізгі тірегі айқындалды:
1. Тәлімгерлік. Курстан өткен педагогтердің арасынан бір маман таңдалып,
оған жеке тәлімгерлік қолдау көрсетіледі. Бұл үдеріс педагогтің жаңа білім мен
дағдыларды күнделікті тәжірибесіне енгізуіне, кәсіби қиындықтарын еңсеруіне
және өз әлеуетін дамытуына мүмкіндік береді.
2. Тәжірибе алмасу. Алты ай көлемінде педагогтер өзара кәсіби байланыс
орнатып, тәжірибелерімен бөліседі. Бұл бағытта Lesson Study секілді бірлескен
зерттеу және тәжірибені жетілдіру тәсілдерін қолдану көзделеді. Нәтижесінде
педагогтер сабақ беру тәжірибесін талдап, тиімді әдіс-тәсілдерді ортақ талқылау
арқылы кәсіби тұрғыда дамиды.
3. Педагогикалық рефлексия. Педагог өз тәжірибесіне талдау жасап, қолданған
әдістерінің тиімділігін бағалайды, жетістіктері мен даму бағыттарын анықтайды.
Рефлексия кәсіби өсудің үздіксіздігін қамтамасыз ететін маңызды құрал ретінде
қарастырылды.
Кездесу барысында курстан кейінгі қолдау тек әдістемелік кеңес берумен
шектелмейтіні, оның басты мақсаты – педагогтің алған білімін нақты тәжірибеде
тиімді қолдануына жағдай жасау екені атап өтілді.
Семинар қорытындысында кәсіби даму бір реттік оқумен шектелмей,
тәлімгерлік, тәжірибе алмасу және жүйелі рефлексия арқылы үздіксіз жалғасуы
қажеттігіне назар аударылды.
«Өрлеу» филиалы педагогтердің кәсіби әлеуетін дамытуға және курстан кейінгі
қолдау жүйесін жетілдіруге бағытталған әдістемелік жұмыстарды жалғастырады.
Басқа жаңалықтар

АТТЕСТАТТАУ БОЙЫНША АҚПАРАТТЫҚ-ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСТАРЫ ӨТТІ
Жетісу облысында педагогтерді аттестаттау рәсіміне қатысты ақпараттық-түсіндірме жұмыстары ұйымдастырылды.

«БІР ҒҰМЫР, МЫҢ ШӘКІРТ»: МЕРЕКЕ АХМЕТОВТІҢ 90 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ТАҒЫЛЫМДЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ
«Өрлеу» БАҰО» АҚ Батыс Қазақстан облысы бойынша Кәсіби даму институтының ұйымдастыруымен Ұстаздар үйінде педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, еңбек және тыл ардагері Мереке Ғұсманұлы Ахметовтің 90 жылдық мерейтойына арналған «Бір ғұмыр, мың шәкірт» атты дөңгелек үстел өтті. Тағылымды кездесуге ардагер ұстаздың әріптестері, шәкірттері және институт қызметкерлері қатысты.

AI ДӘУІРІНДЕГІ ЖАС ПЕДАГОГ: ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ИДЕЯДАН ИННОВАЦИЯЛЫҚ ШЕШІМГЕ ДЕЙІН
Атырау облысы бойынша Кәсіби даму институтында «AI дәуіріндегі жас педагог: идея, инновация, нәтиже» атты онлайн облыстық цифрлық бейнероликтер байқауының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті.