Өрлеу

ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ – ӘР БАЛАҒА ТЕҢ МҮМКІНДІК!

 ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ – ӘР БАЛАҒА ТЕҢ МҮМКІНДІК!

27 қазан мен 6 қараша аралығында Түркістан қаласында орта білім беру ұйымдарының педагогтеріне арналған «Инклюзивті білім беруді іске асыратын педагогтердің базалық құзыреттерін қалыптастыру» тақырыбында біліктілікті арттыру курсы өткізілуде. Курс кураторы – Назгүл Егенова.


Курстың мақсаты –педагогтердің инклюзивті білім беру саласындағы кәсіби құзыреттіліктерін дамыту, ерекше білім беру қажеттіліктері (ЕБҚ) бар білім алушылардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, сапалы әрі қолжетімді білім беру ортасын ұйымдастыруға қажетті теориялық білімдері мен практикалық дағдыларын қалыптастыру.


Курс барысында педагогтер инклюзивті білім берудің нормативтік-құқықтық негіздерімен, ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау тәртібімен, білім алушыларды психологиялық-педагогикалық қолдау қағидаларымен танысуда. Сонымен қатар:


🔹 Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды анықтау әдістерін (бақылау, сауалнама, әңгімелесу, социометрия) меңгереді;

🔹 Білім алушылардың жеке ерекшеліктеріне сәйкес бейімделген және жеке оқу бағдарламаларын, жеке даму карталарын әзірлеуді үйренеді;

🔹 Жеке және сараланған тапсырмалар құрастыру, оқу материалдарын бейімдеу жолдарын қарастырады;

🔹 UDL (оқу процесінің әмбебап дизайны) қағидаттарын сабақ жоспарлауда қолдану тәсілдерін меңгереді;

🔹 CAST ресурстарын, заманауи мультимедиялық және цифрлық технологияларды оқу үдерісінде пайдалану мүмкіндіктерімен танысады;

🔹 Сенсорлық интеграция әдістерін, қолайлы әрі қауіпсіз білім беру ортасын ұйымдастыру жолдарын қарастырады;

🔹 ЕБҚ бар білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау, мониторинг жүргізу және портфолио әзірлеу дағдыларын жетілдіреді;

🔹 Сабақтың қысқа мерзімді жоспарын инклюзивті білім беру талаптарына сәйкес әзірлеу бойынша практикалық жұмыстар орындайды.


Курс соңында педагогтер инклюзивті білім беру ортасын ұйымдастыруға, ЕБҚ бар білім алушылардың қажеттіліктерін анықтап, бағалауға, жеке және бейімделген оқу бағдарламаларын әзірлеуге, сараланған тапсырмалар дайындауға, оқыту әдістері мен бағалау тәсілдерін білім алушының мүмкіндіктеріне қарай бейімдеуге қажетті кәсіби құзыреттерін жетілдіреді. Практикалық жұмыстар арқылы алған білімдерін күнделікті педагогикалық қызметте тиімді қолдануға мүмкіндік алады.


Инклюзивті білім беру – тек білім беру емес, әр баланың қабілетін ашуға, әлеуетін дамытуға және қоғамда өз орнын табуына мүмкіндік беру! Әр бала – ерекше. Әр бала – маңызды. Әр бала сапалы білім алуға құқылы!


Курс барысында тыңдаушылардың теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруға бағытталған жұмыстар ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, бейімделген және жеке оқу бағдарламаларын әзірлеу, жеке даму картасын құрастыру жобаларының таныстырылымдары өткізіліп, білім алушылардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, оқу үдерісін ұйымдастыру жолдары қарастырылуда.

Сонымен қатар, «Білім беру кеңістігінде ЖИ-ді қолданудың этикалық мәселелері» тақырыбында сабақ өтіп, қатысушылар жасанды интеллект құралдарын оқу үдерісінде тиімді пайдалану, этикалық қағидаларды сақтау, білім алушылардың дербес деректерін қорғау және академиялық адалдықты нығайту мәселелерін талқылады.

Аталған курс педагогтердің кәсіби және цифрлық құзыреттерін дамытуға, инклюзивті білім беру мәдениетін қалыптастыруға және әрбір білім алушыға сапалы білім алуға тең мүмкіндік жасауға бағытталған.

Инклюзивті білім беру – әр баланың ерекшелігін құрметтеу, мүмкіндігін қолдау және табысты дамуына жағдай жасау!

Бөлісу

Басқа жаңалықтар

ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ – ӘР БАЛАҒА ТЕҢ МҮМКІНДІК! — Өрлеу