Өрлеу

ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИН МҰРАСЫ ЖӘНЕ ЗАМАНАУИ ПЕДАГОГ МОДЕЛІ: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯҒА ШАҚЫРАМЫЗ

ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИН МҰРАСЫ ЖӘНЕ ЗАМАНАУИ ПЕДАГОГ МОДЕЛІ: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯҒА ШАҚЫРАМЫЗ
2026 жылғы 26 қарашада «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Астана қаласы бойынша Кәсіби даму институты, Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының «Ыбырай Алтынсариннің облыстық мемориалдық музейі» және Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің бірлесіп ұйымдастыруымен «Ыбырай Алтынсарин және заманауи педагог моделі: құндылық, құзыреттілік, инновация» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді.

Бүгінгі білім беру жүйесі педагогтің кәсіби қызметіне жаңа талаптар қойып, оның әдістемелік, зерттеушілік және цифрлық қабілететрін үздіксіз жетілдіруді қажет етеді. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ даласында ағартушылық идеялардың негізін қалаған Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық мұрасы қазіргі білім беру жүйесі үшін де ерекше маңызға ие.

Ұлы ағартушының білімге ұмтылу, адамгершілік тәрбие, еңбекқорлық, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және оқытуды өмірмен байланыстыру туралы идеялары заманауи педагогтің кәсіби және тұлғалық қалыптасуымен тығыз сабақтасады. Сондықтан тарихи-педагогикалық мұраны бүгінгі білім беру тәжірибесімен байланыстыру, оның өзекті тұстарын зерделеу және жаңа педагогикалық тәсілдермен ұштастыру конференцияның басты мазмұнын құрайды.

Конференцияның негізгі мақсаты – Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық-педагогикалық мұрасын заманауи педагог моделінің құндылықтық, кәсіби және инновациялық қырларымен сабақтастыра отырып, білім беру ұйымдарындағы тиімді тәжірибелерді талдау, жинақтау және тарату.

Іс-шара аясында ұлттық тәрбие мен жалпы адамзаттық құндылықтардың білім беру жүйесіндегі орны, педагогтің кәсіби жауапкершілігі мен тұлғалық ұстанымы, үздіксіз кәсіби даму мәселелері қарастырылады. Сонымен қатар білім беру саласындағы инновациялық әдістер мен технологияларды қолдану, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, зерттеушілік тәсілдерді дамыту және біліктілікті арттыру курстарынан кейінгі кәсіби тәжірибені жетілдіру мәселелеріне назар аударылады.

Конференция жұмысы төрт негізгі секция бойынша ұйымдастырылады:
Бірінші бағыт мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі тиімді тәжірибелерге арналған. Бұл секцияда баланың даму нәтижесіне қол жеткізу жолдары, мектепке дейінгі ұйымдардағы педагогикалық тәжірибе және білім беру үдерісінің сапасын арттыру мәселелері талқыланады.

Екінші бағыт Ыбырай Алтынсарин мұрасындағы адамгершілік тәрбие, ұлттық құндылықтар және заманауи педагогтің тұлғалық ұстанымын қамтиды. Ағартушының тәрбиелік идеяларын бүгінгі білім беру мазмұнымен сабақтастыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және педагогтің тәрбиелік рөлін зерделеу көзделген.

Үшінші бағыт заманауи педагогтің кәсіби моделі, үздіксіз дамуы және нәтижелі педагогикалық тәжірибесіне арналады. Секция аясында педагогтердің кәсіби, әдістемелік және зерттеушілік құзыреттіліктерін дамыту, озық тәжірибелерді жинақтау және тарату мәселелері қарастырылады.

Төртінші бағыт Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық идеялары мен қазіргі білім берудегі цифрлық технологиялар, жасанды интеллект және зерттеушілік тәсілдердің сабақтастығын зерделеуге бағытталған. Бұл секцияда білім беру жүйесінде заманауи технологияларды енгізу, олардың мүмкіндіктері мен тиімділігін саралау мәселелері талқыланады.

Конференция жұмысына барлық деңгейдегі білім беру ұйымдарының педагогтері мен басшылары, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының оқытушылары мен ғалымдары, қосымша білім беру және біліктілікті арттыру ұйымдарының қызметкерлері қатыса алады. Қатысушылар ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін, әдістемелік әзірлемелерін және тәжірибелік жұмыстарын ұсынып, білім беру саласындағы өзекті мәселелер бойынша кәсіби пікір алмасуға мүмкіндік алады.

Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық мұрасын жаңаша пайымдау, оны қазіргі білім беру тәжірибесімен ұштастыру және заманауи педагогтің кәсіби моделін қалыптастыру жолдарын талқылау – конференцияның басты міндеттерінің бірі.

Бөлісу

Басқа жаңалықтар

ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИН МҰРАСЫ ЖӘНЕ ЗАМАНАУИ ПЕДАГОГ МОДЕЛІ: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯҒА ШАҚЫРАМЫЗ — Өрлеу