Өрлеу

ҰЛТТЫҚ МҰРА – КЕЛЕШЕККЕ АМАНАТ

ҰЛТТЫҚ МҰРА – КЕЛЕШЕККЕ АМАНАТ

Шығыс Қазақстан облысының Ұстаздар үйінде «Ұлттық мұра және мұражай сабағы: оқушылардың тарихи-мәдени құзыреттілігін дамыту» тақырыбында облыстық семинар өтті.

Семинардың негізгі мақсаты – тарих және қоғамдық-гуманитарлық пәндер мұғалімдерінің мұражай педагогикасын оқу үдерісінде тиімді қолдану дағдыларын жетілдіру, сондай-ақ оқушылардың тарихи санасын қалыптастыруға, мәдени құндылықтарды дәріптеуге және туған өлкенің мұрасына құрметпен қарауға бағытталған тиімді тәсілдермен бөлісу.

Семинар барысында мұражай педагогикасының мүмкіндіктері, тарихи жәдігерлер мен өлкетану материалдарын сабақта пайдалану, тарихи деректермен жұмыс, зерттеу тапсырмалары, экскурсиялар, квесттер және жобалық жұмыстарды ұйымдастыру мәселелері қарастырылды.

Сонымен қатар оқушылардың тарихи ойлау, зерттеу, салыстыру, талдау және өз ойын дәлелдеу дағдыларын дамытуға бағытталған практикалық тәсілдер ұсынылды.

Курсқа филиал директоры Жуманова Гаухар Сайлаубековна қатысып, тыңдаушыларға сертификаттар табыстады. Сонымен қатар курс қатысушыларымен пікір алмасып, оқу мазмұны мен оның практикалық маңыздылығы туралы кері байланыс алды.

Мектеп пен мұражай – өткенді танып, бүгінді түсінуге және болашақты қалыптастыруға мүмкіндік беретін маңызды білім беру кеңістігі.

Ұлттық мұраны сақтау және дәріптеу – тарихы мен мәдениетін, туған жерінің құндылықтарын қадірлейтін ұрпақ тәрбиелеудің маңызды негізі.

Бөлісу

Басқа жаңалықтар