Өрлеу

«ЖАҢА ЖОБА - ЖАҢА МҮМКІНДІК»: МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ҰЙЫМ ӘДІСКЕРЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН ПИЛОТТЫҚ ЖОБАНЫ ТҮСІНДІРУ СЕМИНАРЫ ӨТТІ

«ЖАҢА ЖОБА - ЖАҢА МҮМКІНДІК»: МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ҰЙЫМ ӘДІСКЕРЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН ПИЛОТТЫҚ ЖОБАНЫ ТҮСІНДІРУ СЕМИНАРЫ ӨТТІ
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы әдістемелік жұмыстың сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби дамуын қолдау және аттестаттаудың жаңа талаптарын түсіндіру мақсатында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Астана қаласы бойынша КДИ ұйымдастыруымен «Жаңа жоба – жаңа мүмкіндік» тақырыбында тәжірибелік семинар өтті.

Іс-шара елордадағы мектепке дейінгі ұйымдардың әдіскерлеріне арналып, педагогтерді аттестаттаудың пилоттық жобасын жан-жақты түсіндіруге, оның негізгі бағыттары мен ерекшеліктерін талқылауға арналды. Семинарға Астана қаласының мектепке дейінгі білім беру ұйымдарынан 100-ге жуық әдіскер қатысып, кәсіби тәжірибе алмасу алаңында өзекті мәселелер бойынша пікір бөлісті.

Семинар барысында педагогтерді аттестаттаудың пилоттық жобасының мазмұны, негізгі талаптары, бағалау көрсеткіштері, жүзеге асырылу тәртібі және практикалық ерекшеліктері қарастырылды. Қатысушылар жаңа жобаның мақсаты мен міндеттері, педагогтердің кәсіби қызметін бағалаудағы өзгерістер, сондай-ақ аттестаттау жүйесіндегі ескерілетін маңызды аспектілер туралы кеңінен ақпарат алды. Тақырыптың практикалық маңыздылығын ескере отырып, түсіндіру жұмыстары нақты мысалдар мен кәсіби тәжірибеге негізделді.

Семинарды «Өрлеу» БАҰО» АҚ КДИ Астана қаласы бойынша қоғамдық-гуманитарлық бағыт кафедрасының меңгерушісі Ибраймова Гулназия Куаналиевна модераторлық етті. Ол кездесудің негізгі мақсатына тоқталып, пилоттық жобаны түсіндіруде әдіскерлердің рөлі мен мектепке дейінгі ұйымдарда әдістемелік қолдаудың маңыздылығын атап өтті.

Семинар спикерлері аттестаттаудың пилоттық жобасына қатысты әртүрлі бағытта мазмұнды ақпарат ұсынып, қатысушылардың кәсіби сұраныстарына жауап берді. Атап айтқанда, Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК әдіскері Боранбаева Майра Сарсенхановна, «Өрлеу» БАҰО» АҚ КДИ Астана қаласы бойынша қоғамдық-гуманитарлық бағыт кафедрасының аға оқытушысы Тусупова Гульмайра Умирбековна, Астана қаласы әкімдігінің №17 «Ертөстік» балабақшасы МКҚК әдіскері Мангазинова Айгерім Жакияновна, №68 мектеп директорының бейіндік ісі жөніндегі орынбасары Мырзахметова Майра Айыпхановна өз тәжірибелерімен бөлісіп, жобаның маңызды тұстарын түсіндірді.

Іс-шараның интерактивті форматы қатысушылардың белсенділігін арттырды. Семинар соңында сұрақ-жауап алаңы ұйымдастырылып, әдіскерлер өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Спикерлер тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, пилоттық жобаны жүзеге асыруға қатысты түсініктер толықтырылды. Бұл бөлім қатысушылар үшін тәжірибеде кездесуі мүмкін жағдайларды талқылауға, өзара пікір алмасуға және кәсіби тұрғыда қажетті ақпарат алуға мүмкіндік берді.

«Жаңа жоба – жаңа мүмкіндік» тәжірибелік семинары мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының әдіскерлеріне пилоттық жобаның мазмұнын тереңірек түсінуге, жаңа талаптарға бағдарлануға және педагогтерді кәсіби сүйемелдеу жұмыстарын тиімді ұйымдастыруға бағытталған маңызды алаң болды.

Бөлісу

Басқа жаңалықтар

«ЖАҢА ЖОБА - ЖАҢА МҮМКІНДІК»: МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ҰЙЫМ ӘДІСКЕРЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН ПИЛОТТЫҚ ЖОБАНЫ ТҮСІНДІРУ СЕМИНАРЫ ӨТТІ — Өрлеу