Өрлеу

«ОҚУ МӘДЕНИЕТІ – ҰЙЫМ МӘДЕНИЕТІ»: АЛҒАШҚЫ КІТАП ОҚУ СЕССИЯСЫ ӨТТІ

«ОҚУ МӘДЕНИЕТІ – ҰЙЫМ МӘДЕНИЕТІ»: АЛҒАШҚЫ КІТАП ОҚУ СЕССИЯСЫ ӨТТІ

«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында қолға алынған «Оқу мәдениеті – ұйым мәдениеті» акциясы шеңберінде «Өрлеу» БАҰО» АҚ «Батыс Қазақстан облысы бойынша Кәсіби даму институты» филиалында алғашқы кітап оқу сессиясы өтті.

Акцияның мақсаты – қызметкерлер арасында кітап оқуды насихаттау, оқырмандық мәдениетті дамыту және кітап оқуды кәсіби әрі тұлғалық дамудың ажырамас бөлігіне айналдыру.

Алғашқы сессияға қазақтың даңқты батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасы таңдалды. Филиал қызметкерлері туындыны алдын ала оқып, мазмұнына терең бойлап, шығармадағы отбасы тәрбиесі, ұлттық құндылықтар, ұрпақ сабақтастығы мен адамгершілік мәселелерін жан-жақты талқылады.

Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар шығармадан алған әсерлерімен, өздеріне ерекше ой салған тұстарымен бөлісті. Әсіресе, әже тәрбиесі, әке өнегесі, қазақы дүниетаным мен ұлттық салт-дәстүрдің тұлға қалыптастырудағы рөлі кеңінен сөз болды.

Қызметкерлер шығарманың жекелеген эпизодтарына тоқталып, кейіпкерлердің іс-әрекеттерін талдап, ондағы тәрбиелік ойларды бүгінгі өмірмен және педагогикалық тәжірибемен байланыстыра білді. Әріптестердің тыңғылықты дайындығы, мазмұнды пікірлері мен белсенді қатысуы сессияның әсерлі әрі тағылымды өтуіне ықпал етті.

Алғашқы кітап оқу сессиясы көркем шығарманы бірге оқып, ой бөлісудің ұжым ішіндегі рухани байланысты нығайтып, ортақ құндылықтарды қалыптастыруға мүмкіндік беретінін көрсетті.

«Оқу мәдениеті – ұйым мәдениеті» акциясы аясындағы мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасады.

Бөлісу

Басқа жаңалықтар